Әлемде бір тәулікте коронавирус  жұқтырғандардың ең жоғары көрсеткіші тіркелді - 3,7 млн астам адам
2022 жылғы 21 қаңтар 09:44

Әлемде бір тәулікте коронавирус  жұқтырғандардың ең жоғары көрсеткіші тіркелді - 3,7 млн астам адам

ЖЕНЕВА. ҚазАқпарат – Соңғы 24 сағатта әлемде коронавирус жұқтырған 3,7 млн астам адам тіркелді. Бұл – пандемия басталғалы тіркелген ең жоғары тәуліктік көрсеткіш. Мәліметтерді бейсенбі күні Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

20 қаңтар күні ДДСҰ-ға инфекция жұқтырған 336 790 193 адам және пандемия басталғалы қайтыс болған 5 560 718 адам туралы мәлімет келіп түскен. Індет жұқтырудың жаңа саны тәулік ішінде 3 777 104-ке, ал одан қайтыс болу оқиғалары – 8 741-ге артқан.

Бұған дейінгі антирекорд 12 қаңтарда орнатылған болатын: ол кезде ДДСҰ-ға 24 сағаттың ішінде ауру жұқтырған 3 525 914 адам туралы мәлімет келіп түсті. ДДСҰ статистикасы мемлекеттердің қауіпті вирусты жұқтырып алғандар мен одан қайтыс болғандар туралы тек ресми расталған мәліметтерді есепке алады. Ауру жұқтыру оқиғалары 17 қаңтарда 325 миллион, 8 қаңтарда 300 миллион, 9 қарашада 250 миллион, 5 тамызда 200 миллионға жетті.

Ұйымға расталған оқиғалардың ең көп санының тіркелуі туралы ақпарат АҚШ-тан келіп түскен. Онда 67 437 353 жағдай расталды. Одан кейін тізімде Үндістан (38 218 773), Бразилия (23 211 894), Ұлыбритания (15 506 754) және Франция (14 779 277) тұр. Вирустан болған ең көп өлім саны АҚШ-та – 849 276, екінші орында Бразилия (621 517), үшінші – Үндістан (487 693). Одан кейін тізімде Ресей (324 060) және Мексика (301 789) тұр.


Jańalyqtar

MURAǴAT