Әлемде әр минут сайын бір әйел жатыр мойны қатерлі ісігінен көз жұмуда

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда медицина саласының өкілдері жатыр мойны ісігінің алдын алуға қатысты баспасөз конференциясын өткізді.

«Халықаралық медициналық құқық» қоғамдық бірлестігі мен «Медицина кадрларын үздіксіз кәсіптік дамыту» қоғамдық бірлестігінің мұрындық болуымен өткен шарада көпшіліктің көкейкесті мәселесіне айналған осы бір қатерлі дертке қарсы екпе жасау туралы да айтылды.

Мамандардың айтуынша, әлемде әр минут сайын 1 әйел жатыр мойны қатерлі ісігінен көз жұмуда. Ал Қазақстанда күніне 2 әйел осы дерттен бақилық болады. Бір жылда елімізде 1200 әйел жатыр мойнының қатерлі ісігіне шалдығады.

Дүние жүзінің озық елдерінде жатыр мойны ісігіне қарсы екпе 2006 жылдан бері жүргізіліп келеді. Әзірге бұл - қатерлі дерттің алдын алудың адамзат ойлап тапқан жалғыз жолы.

ТДМ елдері арасында Қазақстан - жаңа екпені енгізген бірінші ел. 2013 жылы АПВ жұқпасына қарсы 11-12 жастағы қыздарға тегін екпе жасау бағдарламасы Астана, Алматы қалаларында, Павлодар және Атырау облыстарында басталған.

2013 жылдың қазанында Павлодар облысында екі қыздың жағдайы нашарлауына байланысты, екпе тоқтатылған болатын. Кейін, мамандар тексере келе, қыздардың денсаулығына төнген еш қауіп жоқтығын айтқан. 2013 жылдың қарашасынан бастап екпе жасау жалғасып келеді.

Мамандар бүгінгі конференцияда кері әсер ететін стереотиптер мен соқыр нанымдарды жою қажеттігін жеткізді.

«Қазақстанда екпеге қарсы қозғалыс қалыптасты. Оны жоғарғы жақтан қозғап отырған шенеуніктер де бар, тіпті дәрігерлердің арасында да толыққанды пікірі қалыптаспаған мамандар бар. Біздің айтарымыз мұндай теріс пікірден қоғамды тазартуымыз керек. Егер, жас қыздарымыздың денсаулығын, ұлт саулығын ойласақ, екпе жасауды жаппай жүзеге асыру керек», - деді С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің профессоры Әміреев Сәкен.

Профессордың айтуынша, әзірге Қазақстанда АПВ жұқпасына қарсы 11-12 жастағы қыздарды екпемен қамту 70%-ды құрап отыр.

Соңғы жаңалықтар