Әлемде 370 млн адам мамандығын ауыстыруға мәжбүр - Нұрсұлтан Назарбаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елордада XII Астана экономикалық форумында адами капиталдың маңызы жөнінде әңгімеледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде адами капиталға талап артып, білім беру процесі жаңарып келеді. Мобильді, креативті адам капиталы - кез келген экономика табысының негізгі аспектісі болып отыр. Дәл осы қасиеттер мемлекеттер арасында жан басына шаққандағы ЖІӨ деңгейінің 10-30% дейінгі айырмашылығын жасап отыр. Технологиялардың қолжетімді болуынан қазіргі уақытта әлемдік экономикадағы жұмыс уақытының тең жартысы автоматтандырылды. Осыған байланысты, 2030 жылға қарай, әлем бойынша 370 млн адам қайта оқытудан өтіп, мамандығын ауыстыруға мәжбүр. Бұл көрсеткіш жаһандық жұмыс күшінің 14 пайызын құрайды», - деді Елбасы.

Одан бөлек, жаңа технологияларды енгізу кейбір мамандықтарды сұраныстан айырып, жаңа мамандықтардың пайда болуына ықпал етуде.

«Тіпті табыс деңгейі төмен және орташа елдердің өзінде көптеген адамдар 30 жыл бұрын біз естіп-білмеген жаңа мамандықтар бойынша жұмыс істеп жүр», - деді Н. Назарбаев.

Айта кетейік, Бүгін елордада XII Астана экономикалық форумы басталды. «Ынталандырушы өсу: адамдар, қалалар, экономикалар» тақырыбында өтіп жатқан форум жұмысына әлемнің 74 елінен сарапшылар, саясаткерлер, бизнесмендер мен ғалымдар қатысуда.

Форумға қатысатын шетелдік қонақтар қатарында Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры Кристин Лагард, Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесінің вице-премьері Хань Чжэн, Армения Республикасының Президенті Армен Саркисян, Nokia Corporation директорлар кеңесінің төрағасы Ристо Сииласмаа, экономика бойынша Нобель сыйлығының лауреаты және өзге де танымал тұлғалар бар.

Соңғы жаңалықтар