Әлем жылдам революция эволюциясына енді - АЭФ қорытындыланды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Осымен 12-ші рет елорда төрінде өткен Астана халықаралық форумының мәртебесі жылдан жылға арта түскендігі анық байқалады. Оған дәлел ретінде әлемнің 74 елінен 5 мыңнан астам делегаттың қатысып, жер-жаһанға хабар тарату үшін 30 елден 700-ден астам журналистің келгенін айтсақ та жеткілікті сияқты. Сонымен биылғы жылы «Ынталандырушы өсу: адамдар, қалалар, экономикалар» тақырыбымен өткен форумның кешегі күнге жалпы отырысына ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәртебелі мейман ретінде арнайы қатысты. ҚазАқпарат тілшісі осынау алқалы жиында көтерілген өзекті мәселелерді тағы бір ой елегінен өткізеді.

«Ағымдағы жылы форум тақырыбы қазіргі заманғы трендтерді ескере отырып, «Ынталандырушы өсу: адамдар, қалалар, экономикалар» деп айқындалған және Қазақстан осынау процестердің бөлшегі саналады. Бір қарағанда әлемдегі экономикалық даму тұрақты сияқты көрінеді. Бірақ, оның тасасында іргелі, күрт әрі теңсіздік тұр. Әлемдік экономикалық өсім қарқыны болжанған 3,9 пайыздан 3,6 пайызға дейін төмендеді. Халықаралық валюта қоры 2019 жылы мұнан да үлкен қысқарудың болатындығын, 3,3 пайызға дейін төмендейтіндігін болжап отыр. Сондықтан ел дамуының жаңа жолдарын іздеуде мемлекеттер жұмыс істеп тұрған нарықтар үшін күресті күшейтуге мәжбүр. Бұл ретте бәсекелестіктің нарықтық емес әдістерін де қолданып жатады», - деді алқалы жиынды ашқан Елбасы.

Н.Назарбаев АҚШ пен Қытай, Еуропа арасындағы саудаға қатысты жағдайдың, саяси беделқұмарлықтың, әсіресе АҚШ пен Ресей арасында санкциялық текетірестің ушығып тұрғандығына назар аударды. Сонымен қатар, ядрлық қаруды иелік етуге ұмтылу да басылмай отырғандығын айтты.

«Бұл алаңдатарлық жайт және ол ешкімге де жақсылық әкелмейді. Түрлі бағалауларға сәйкес, әлемдік экономика кемінде 0,7-0,8 пайыз өсімін жоғалтады. Дәл осының аясында әлем жаһандық әлеуметтік-экономикалық және технологиялық трансфрмация кезеңіне тап болады. Ол барлық елдердің халықтарына сын-тегеуіріндер мен қатар мүмкіншіліктер де әкеледі», - деп атап өтті ҚР Тұңғыш Президенті.

Осы ретте Елбасы таяу уақытта әлемнің енді бет-бейіні қалай қалыптасатындығына қатысты ойымен бөлісті.

«Бірінші. Халық санының артуы ұлттық экономика өсімінде маңызды рөл ойнауын доғара бастайды. Ал негізгі драйвер еңбек өнімділігі болады. Соңғы 50 жылда дамыған мемлекеттердегі жалпы ішкі өнімнің жыл сайынғы өсімінің үштен бірі ғана халықтың табиғи өсімі есебінен, ал қалғаны еңбек өнімділігінің есебінен алынған. Әлемдік сарапшылар осы ғасырда бұл көрсеткішті түбегейлі арттыра алатын елдер ғана бәсекеге қабілетті болатынына сенімді. Дегенмен, бүгінгі күні өнімділік өсімінің әлеуеті алдағы он жылдың ішінде жылына кемінде 2 пайызды құрайды. Оның ішінде, өнімділікті арттыру мүмкіншілігінің шамамен 60 пайызы цифрлық технологияларға тиесілі болады», - деді Н.Назарбаев.

Екінші, ҚР Тұңғыш Президенті цифрлық түрлену бізге дағдылы экономика тұрпатын өзгертетіндігін айтты. Бүгінде жаһандық экономикалық ландшафт жоғары технологиялық компаниялармен айқындалады. Мәселен, нарықтық құны бойынша ТОП-5 компанияны Apple, Google, Microsoft, Amazon, Tencent сынды технологиялық алып компаниялар құрап отыр. Олар дәстүрлі өнеркәсіптік және инвестициялық ірі компанияларды ығыстыра түсуде. Аталған бес компанияның жиынтық құны бүгінде шамамен 3,5 трлн долларды құрайды. Бұл кейбір дамыған мемлекеттердің жалпы ішкі өніміне тең. Мәселен, бүгінгі күні Германияның жалпы ішкі өнімі - 3,6 трлн доллар.

«Дәстүрлі сауда саласына жаңа технологиялардың енуі оның тиімділігін айтарлықтай көтерді. Айталық, болжамға сәйкес теріс факторлар болмаған жағдайда, сауда соғыстарын айтып отырмын, әлемдік сауда әлеуеті цифрландырудың арқасында 2030 жылға қарай жыл сайын 2 пайыздық өсім көрсететін болады», - деді ҚР Тұңғыш Президенті.

Елбасы үшіншіден, адами капиталға талап артып, білім беру процесі жаңарып келе жатқандығын айтты. Мобильді, креативті адам капиталы - кез келген экономика табысының негізгі аспектісі болып отырғандығына назар аудартты.

"Дәл осы қасиеттер мемлекеттер арасында жан басына шаққандағы ЖІӨ деңгейінің 10-нан 30 пайызға дейінгі айырмашылығын жасап отыр. Технологиялардың дамып, қолжетімді болуының арқасында қазірдің өзінде әлемдік экономикадағы жұмыс уақытының тең жартысы автоматтандырылды. Осыған байланысты, 2030 жылға қарай, әлем бойынша 375 млн адам қайта оқытудан өтіп, мамандығын ауыстыруға мәжбүр. Бұл көрсеткіш жаһандық жұмыс күшінің 14 пайызын құрайды. Бұған қоса жаңа технологияларды енгізу кейбір мамандықтарды сұраныстан айырып, жаңа мамандықтардың пайда болуына ықпал жасайды. Тіпті табыс деңгейі төмен және орташа елдердің өзінде көптеген адамдар 30 жыл бұрын біз естіп-білмеген жаңа мамандықтар бойынша жұмыс істеп жүр», - деді Елбасы.

Н.Назарбаев төртіншіден, экономикалық дамуда қалалар маңызды рөл атқаратындығын және олардың ықпалы тек арта түсетіндігін атап өтті.

«Адамдар қайда жақсы әрі сапалы өмір сүруге болатыны жөнінде шешім қабылдап жатыр. Олардың әл-ауқаты мегаполиске айналатын өсім нүктелеріне шоғырланады. Бүгінде Жер шары тұрғындарының 55% немесе 4 млрд адам қалада тұрады. 2050 жылға қарай, қала халқы екі есеге артуы мүмкін. Сонда әрбір 10 адамның жетеуі қалалық болмақ. Инвестициялар мемлекетке емес, қалаларға келеді», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

ҚР Тұңғыш Президентінің бұл деректерін Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры Кристин Лагард да қолдап, өткен жылмен салыстырғанда жаһандық экономика өсімінің баялап тұрғандығын, болжамды 3,6 пайызға қарағанда 0,3 тармаққа төмен екендігін алға тартты.

«Экономикалық даму бағытында біртіндеп қарқын алу керек. Бұл ретте қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының «Ақырын жүріп, анық бас» деп жазып кеткен өлең жолдары ойға келеді. Сондықтан бүгінгі форумда осы идеяға айрықша екпін қоймақпын, яғни әрбір қадамды сенімді түрде жасауымыз керек. Өкінішке қарай, әлемдік өсімге қараған кезде, адамдардың көбісінің әрекеттерінде даму қарқыны байқалмайды. Олар сол баяғы баяу сарында жылжып келеді», - деді Кристин Лагард.

Ал Армения Президенті Армен Саркисян прогрессивті дамуға қатысты ойымен бөлісті.

Алғашқы локомотивтердің бірі адами капитал саналады. Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, әлемдегі ең ірі 5 компания минералды ресурстар өндірмейтіндігі белгілі. Бұл компаниялар HighTech пен ІТ-технологиялар, сонымен қатар жасанды интеллект саласында жұмыс істейді. Мұндай түрленудің бірнеше факторы бар. Оның бірі - адами капитал, шығармашылық адамдары. Екінші фактор - төртінші индустриалдық революция. Біз жылдам революция эволюциясына енген сияқтымыз. Бұл өзгерістер 30 жылдан кейін емес, күн сайын орын алады. Біз оған дайын болуымыз қажет», - деді ол.

Жұмысшы орнын робот басады

II АЭФ аясында Халықаралық еңбек ұйымының 100 жылдығына арналған конференция өтті. Алқалы жиын тізгінін ұстаған «Disco Consulting Group» серіктесі Дәулет Арғандықовтың айтуынша, пессимистік болжамдарға сәйкес алдағы 7 жылдың ішінде кейбір саладағы кадрлардың саны 30 пайызға дейін қысқаруы мүмкін.

«Негізінен жұмыс регламенттеледі және жұмыстың барынша қарапайым алгоритмі қолданылады. Содан кейін енді 15 жылдан кейін бұл цифр 50 пайызға дейін жетуі мүмкін. Яғни, бұл жұмыс орындарын роботтар алмастыруы ықимал», - деді ол.

Сонымен қатар ол еңбек нарығы дамуының оң сценарийі болуы мүмкін екендігін айтты.

Ал конференция жұмысына қатысқан ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстанның стратегиялық жоспарын жүзеге асыру ел экономикасын жыл сайын 4,5-5 пайыз өсімін қамтамасыз етуге бағытталғанын айтты. Бұл еліміздің әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруге бағытталған мақсатына сай келеді.

«Еңбек өнімділігін 50 пайызға арттыру арқылы өсім сапасын қамтамасыз ету жоспарланған. Ол үшін шикізаттық емес экспорт көлемі 41 млрд долларға жетіп, ЖІӨ-дегі шағын және орта бизнес үлесі 35 пайызға дейін артуы қажет», - деді Г.Әбдіқалықова.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев жаңа технологияларды дамыту еңбек нарығына өзгерістер әкелуі мүмкін екендігін айтып, еңбек нарығына өзгерістер әкелуі мүмкін жаһандық сын-қатерлерді атады.

«Егер алдағы перспективалар туралы айтатын болсақ, еңбек нарығына өзгерістер әкелуі мүмкін жаһандық сын-қатерлерге тоқталып өткеніміз жөн. Бірінші сын-қатер цифрландыруды және 4.0 индустриясы, жасанды интеллект және робототехника сияқты технологияларды дамытумен байланысты. Екпінді технологиялық даму жұмыс күшінің біліктілігі мен дағдыларына қойылатын талаптарды өзгертеді. Олар кәсіптік дағдылармен қатар, қосымша дағдылар тізбегін игеруге тиіс», - деді министр.

Оның айтуынша, екінші сын-қатер еңбек ресурстары құрылымындағы демографиялық өзгерістерге негізделген.

«Бүкіл әлемде 60 жастан асқан халық санының және белсенділігінің өсуі байқалады. Өсіп келе жатқан жас ұрпақ қажетті дағдыларды игеруге тиіс. Еңбек нарығында жұмыс күшінің инклюзивтілігі артып келеді. Әйелдердің, қарттар мен мүмкіндіктері шектеулі адамдардың экономикалық белсенділігі өсуде. Гиг-экономика дамып келеді, ол «фрилансерлер» санының көбеюі ретінде білінеді», - деді ол.

Жалпы форумның алғашқы күнінде венчурлық капиталды дамыту, жасыл экономиканы жолға қою, тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыру, қалаларды дамыту мәселелері жан-жақты қаралып, шетелдік білікті сарапшылар ойларымен бөлісті.

8,9 млрд доллардың 45 келісімі рәсімделді

Форумның екінші күнінде ҚР Үкімет басшысы Асқар Маминнің қатысуымен бірқатар шара өтті. Асқар Мамин алдымен Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі бірінші қазақстандық форум жұмысына қатысып, елімізде тұрақты даму мақсаттарын енгізудің алғашқы айларының бірінші ерікті есебі Нью-Йоркте саяси деңгейде ұсынылатындығын атап өтті.

Ал "Kazakhstan Global Investment Rountable» дөңгелек үстелінде Премьер-Министр инвестиция ел экономикасының дамуы мен өсімінің іргелі факторы болып қала беретіндігіне назар аударды.

"Тәуелсіздік алған жылдардан бері Қазақстан экономикасына 300 млрд доллар инвестиция тартылған. Біздің бұл жетістіктеріміз - аймақтағы бәсекеге қабілетті әрі ірі экономикаға ие болуға мүмкіндік берді. ЖІӨ өткен жылы 4 пайызға өсті. Сыртқы сауда 20 пайызға артып, оның әсері экспорт көлемін 26 пайызға арттыруға септігін тигізді. Осы қарқынды сақтай алсақ, жылдың соңына дейін экономикалық айналым 100 млрд долларға жетіп қалуы керек», - дейді Үкімет басшысы.

Сондай-ақ ҚР Премьер-Министрі шетелдік инвесторларды Қазақстан нарығында жұмыс істеуге шақырды.

«Қазақстан инвестициялық саясаттың маңызын ескере отырып, Премьер-Министрдің жұмысына инвестициялық омбудсмен міндетін жүктеді. Шетелдік бизнеске тәжірибе үйрету мақсатында шетелдік тікелей инвестициялар бойынша Үйлестіру кеңесі құрылды. Кеңес инвестициялық жобаларды іске асыру процесі кезінде мәселе туындаса, шешім іздейтін болады. Ақырында, жеке секторға негізделген экономикалық өсімнің берік моделін құрғымыз келеді», - деді ол.

Шара соңында жалпы құны 8,9 млрд АҚШ долларын құрайтын 45 коммерциялық келісім рәсімделді. Атап айтқанда, ресейлік компания Түркістанда 500 гектарлық жылыжай салуды көздесе, Түркиялық «Yildirim Holding» компаниясы Жамбыл облысында кальций қосылған сода зауытын тұрғызбақ. Сол секілді ресейлік АЕОН корпорациясы Ақтөбе қаласындағы әуежайды қайта жөндеуден өткізбек. Газ-химия саласында Маңғыстау облысының әкімдігі мен «Westgasoil» компаниясы (Сингапур) метанол және олефиндерді өндіру жобасын жүзеге асыру бойынша ынтымақтастық туралы келісімге келді. Жобаны жүзеге асырылуы химия өнімдердін өндіруін орналастырып, елдің газ-химия кешенін дамыту арқылы импорт алмастыруды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, білім беру саласында еліміздің үш аймағы Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында сингапурлық инвестор (Kinder World) «Білім метрополисін салу - мектеп, колледж, университет» жобасының жол картасын іске асырады. Жақын арада Нұр-Сұлтан қаласында халықаралық мектептер желісі, колледж және білім беру кешені салынады.

Соңғы жаңалықтар