Әлем және коронавирус: Англия мен Германиядағы карантин, Үндістан вакцинасы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Рождестводағы карантин Еуропадағы коронавирустың келесі толқынын болдырмауға көмектесе алмады, ал континенттегі ең ірі елдер, соның ішінде Германия мен Англия шектеулерді ұзарту мәселесін талқылап жатыр. Осы уақытта Үндістан сынға қарамастан өзінің вакцинасын мақұлдады, ал католик әлемінің көшбасшысы Рим Папасы халыққа үндеу жасады. Бұл туралы ҚазАқпарат BBS News сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Англия мен Шотландияда жаңа шектеу шаралары болуы мүмкін

Ұлыбритания Еуропа бойынша алғашқы болып вакцина егуді бастады, бірақ сырқаттанушылық жағдайы әлі де өршіп тұр, сол себепті қосымша шектеу шаралары енгізілуі мүмкін.

Премьер Борис Джонсон Англиядағы мектептер каникулдан кейін ашылмауы мүмкін екенін айтты. Жақында үкімет бұған дейін айтқан мәлімдемесіне қарамастан, Лондонның барлық ауданындағы және елдің оңтүстік-шығыс бөлігіндегі мектептердің жабылатынын мәлімдеді. Бұл аумақта эпидемиологиялық жағдай нашарлай түсуде. Сондай-ақ, министрлер мұғалімдер кәсіподақтарының бүкіл Англияда шектеулерді ұзарту туралы талаптарын ескеруден бас тартты.

Біріккен Корольдіктің басқа бөліктері – Шотландия, Уэльс және Солтүстік Ирландияда ережелерді жергілікті билік белгілейді.

Шотландияның көшбасшысы Никола Стерджен дүйсенбіде шұғыл отырыс өтетінін айтып, «шұғыл мәлімдеме» жасауы үшін Шотландия парламентінен демалыстан ерте оралуды өтінді. Билік вирустың жаңа түріне қарсы тұруға бел буып, жексенбіде тұрғындарға үйден шықпауға және өте қажет болмаса кез келген байланысқа түспеуге шақырды.

Жалпы, Ұлыбританияда бесінші күн қатарынан күніне 50 мыңнан астам адамда вирус анықталуда. Вакцина егу бірнеше апта бұрын басталғанына және миллионға жуық адам екі екпенің біріне қол жеткізгеніне қарамастан, эпидемия азайып келе жатқан жоқ.

Әзірге олар неміс-американдық BioNTech/Pfizer вакцинасын қабылдап жатыр, бірақ дүйсенбіден бастап олар отандық Oxford/AstraZeneca вакцинасын еге бастайды. Джонсон алдағы үш айда 66 миллион халқы бар Британияның ондаған миллион адамына вакцина егілетінін айтты.

Германия локдаун мерзімін ұзартпақ

Германиядағы бүкілхалықтық шектек шаралары 10 қаңтарда аяқталуы керек еді, бірақ оның мерзімін ұзартуы мүмкін. Бұл туралы Рейтер басылымы неміс саясаткерлерінің мәлімдемелеріне және демалыс күндері жергілікті баспасөзге шолу жасай отырып хабарлады.

Канцлер Ангела Меркель сейсенбіде аймақ басшыларымен кездеседі. Осы мәселеге қатысты өзінің сақтығымен танымал Меркель денсаулық сақтау министрі Йенс Шпанның немістердің бұрынғы еркін өміріне ерте оралуға деген үмітін үзетін ұсыныстарынан бас тартпайтыны сөзсіз.

«Коронавируспен ауырғандардың саны азаймай тұр, сол себепті шектеу шараларын әлі де соза түсеміз», - дейді Йенс Шпан.

Дәрігерлер Рождество мерекесінен кейін ауруханадағы төсек-орынға деген сұраныстың қандай болатыны келесі аптаға дейін байқалмайтынын және жаңа жылдық мерекелердің әсерін біраз уақыт өткеннен кейін ғана бағалауға болатындығын айтады.

Рим Папасының көңілі қалды

Рим Папасы тек өзін ғана ойлап, өзгелерге қамқорлық таныта алмайтын адамдардан көңілі қалып жүр.

Кітапханада видеобайланыс арқылы түсірілген жексенбі күнгі уағызында ол Ватикан алаңындағы балконның астында жиналғандарға, қысқы демалыс кезінде шетелге қыдырып кеткендерге зекіп тастады.

«Олар үйде қалғандардың жағдайы, шектеу шаралары салдарынан қаражатсыз қалғандардың жағдайы, ауырып қалғандардың жағдайы туралы ойлаған жоқ. Олар демалыс кезінде сергіп, өз көңілдерін көтеріп келуді ғана ойлады. Бұл өте өкінішті жағдай. 2021 жылы бізде не күтіп тұрғанын білмейміз, бірақ қолымыздан бір нәрсе келеді: бір-бірімізге қамқор бола білуіміз керек. Өзіңнің жеке басыңның қамын ғана ойлау – азғындық», - дейді ол.

Үндістан өзі шығарған вакцинаны мақұлдады

Үндістан отандық COVAXIN вакцинасын егуді мақұлдады.

Бұл шешім жексенбі күні шығарылды. Бұл шешім халықты таң қалдырды, себебі шенеуніктер Bharat Biotech вакцинасының қауіпсіздігі мен тиімділігі туралы ешбір дерек жариялаған жоқ және жалпы алғанда кез келген сұраққа жауап беруден бас тартты.

Бұл әрекет премьер-министр Нарендра Модиді де еш қымсынтпады. Ол Үндістандағы ғылым мен фармацевтика саласын жоғары бағалайды.

Үндістан өзінің вакцинасы жасалған және мақұлданған әлемдегі санаулы елдердің бірі болғанына қарамастан, жүздеген миллион адамға арналған кең көлемді вакцина егу бағдарламасы ең алдымен AstraZeneca британдық вакцина мен Оксфорд университеті жасаған вакцинаға арналған.

Бұл бағдарламаы билік бірнеше күн бұрын мақұлдаған, сондықтан халық жақын күндері жеткізілетін вакцинаны күтіп жүр.


Соңғы жаңалықтар