ӘЛЕМ ЖӘНЕ ДАҒДАРЫС: АҚШ, Еуропа, Қытай және Кеден одағы елдерінің экономикалық жағдайы Қазақстан экономикасы үшін барынша тәуекел төндіреді

None
None
АСТАНА. 28 ақпан. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Қазақстан -2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттік жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Жаһандық дағдарыстың жалғасуының әсерінен әлемде болып жатқан өзгерістер бізді үрейлендірмейді. Біз оларға дайынбыз. Біздің ендігі міндетіміз - егемендік жылдары қол жеткізгеннің барлығын сақтай отырып, ХХІ ғасырда орнықты дамуды жалғастыру», деп атап өткен болатын.

ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі сарапшыларының атап өтуінше, 2013 жылы Қазақстан экономикасы, бұрынғыдай ел дамуына теріс ықпал етуге қабілетті сыртқы факторлар әсерінде болып қала бермек.

Макроэкономикалық сараптама және мониторинг басқармасының сарапшысы Ділрух Шәріпов пен осы басқарманың бастығы Шыңғыс Дәулетбаев Қазақстан үшін маңызды әлемдік тәуекелдерді сараптап, жедел әрекет ету және одан арғы экономикалық саясат бойынша өз ұсыныстарын беріп отыр. «2013 жылғы Қазақстан экономикасы үшін жаһандық тәуекелдер» шолуында елдің ЖІӨ-нің шынайы өсімі бойынша мәліметтер келтірілген.

Авторлардың атап өтуінше, АҚШ, Еуропа, Қытай және Кеден одағы елдерінің экономикалық жағдайы Қазақстан экономикасы үшін барынша тәуекел төндіреді. Қазақстан экономикасының баяулауы 2000 жылдың соңындағы әлемдік құлдыраумен байланысты екендігі анық байқалады. Әлемдегі өндіріс қарқынының төмендеуі біздің еліміздің экономикасы үшін қауіп төндіреді. Атап айтқанда, дүниежүзілік экономикадағы АҚШ-тың орны әлемдік ЖІӨ-дегі елдің жоғары үлесімен, нақты айтқанда 2011 жылы шамамен 25 пайызбен негізделеді. 2012 жылы бұл елдегі ахуал жақсарып, ЖІӨ өсімі 2,2 пайызды құрады. Дегенмен де, ағымдағы жылы АҚШ Қорғаныс министрлігінің шығыстарын 110 млрд. долларға қысқарту қажеттігімен бетпе-бет келеді. Бұған қоса, соңғы төрт жыл бойы жыл сайын бір триллионнан асып жығылатын бюджет тапшылығының да жоғары болуы экономика өсіміне кедергі төндіре алады. Сондықтан да АҚШ- тың қаржы жүйесіндегі инвесторлардың сенімділігін қолдау үшін бюджет шығыстарын қысқарту шаралары қолданылуы мүмкін, ал тұтынуды ынталандыруды төмендету экономика өсіміне теріс әсер етеді. Келесі тұрғыдан алып қарағанда, ұзақ уақыт бойы тапшылықтың жоғары деңгейінің сақталуы елдің кредиттік рейтингін төмендету қаупін тудырады. Бұл қаржы нарықтарының құлдырауына әкелмек.

Сонымен қатар ағымдағы жылы Еуропалық одақ елдері экономикасының баяулау проблемасы сақталады.

Қаржы жүйесінің бөлшектенуін, әлсіз елдерден депозиттердің шығуын және басқа да проблемаларын еңсеріп, Еуропа монетарлы және фискалды одақтарды күшейту, саяси ықпалдасу және банктік одақ құру бағыттарын жария ете отырып, өз дамуының жаңа белесіне шықты. Еуропалық қайта құру және даму банкінің базалық болжамына сәйкес, еуроаймақтағы өндірістің құлдырауы өзінің төменгі шеіне жетіп, енді қаржы нарығындағы тұрақтылықтың, либералды монетарлы саясаттың және құнды қағаздар нарығы өсуінің арқасында біртіндеп жандану фазасына ауысады. Дегенмен, әзірше еуро аймағындағы мәселелер толық шешілген жоқ, Одақтың ірі мемлекеттеріне дағдарыстың таралу қаупі бар. Бұл банк секторына әсер етіп, одан арғы рецессияға түрткі болмақ. Мұндай проблемалардың бірі еуроның нығаюы болуы мүмкін. Ол еуропалық экспорттың бәсекеге қабілеттілігін төмендете алады, сонымен қатар экономика өсіміне тосқауыл туындатады. Фискалды қысқартуларға орай ЕО елдері өз өнімдерін нарыққа шығару үшін валюталық курсты әлсіретуге қабілетсіз.

Әдеттегідей, Қазақстан экономикасы үшін Қытай барынша тәуекелдер туындатады. Әлемде өндіріс көлемі бойынша екінші орында тұрған экономика өнімдер экспортына барынша тәуелді, сондықтан оның болжамды көрсеткіштер өсімінен шамалы қиыс кетуі әлемдік экономиканың баяулауына түрткі болады. 11 жылға созылған ЖІӨ өсімінің тұрақты өсу қарқыны 2011-2012 жылдардың 7 тоқсаны ішінде оның төмендеуіне ауысты. 2012 жылдың төртінші тоқсанында Қытай алғашқы рет негізгі капиталдағы өндіріс пен инвестицияның және сатылым деңгейінің артуымен байланысты жылдық мәнде 7,9 пайыздық ЖІӨ өсіміне жетіп, оң динамиканы көрсетті. Елде өсімді жеделдету мақсатында қаржы секторын бейтараптандыру жүргізілуде. Бірқатар экономикалық институттардың болжамдарына сәйкес, 2013 жылы ҚХР ЖІӨ өсімі 8,1-8,3 пайыздық шекте күтілуде. Бұл елдегі маңызды экономикалық тәуекелдер жоғары инфляция, артық жинақтар мәселесі, юанның нығаюы, жылжымайтын мүліктегі «көпіршік» және халық табысы арасындағы үлкен айырмашылыққа байланысты әлеуметтік алаңдаушылықтар болып табылады.

Сонымен қатар сарапшылар Кеден одағы аясында Ресей мен Беларусь елдері тарапынан төнетін тәуекелдерге де барынша назар аударуға кеңес береді. Қазақстанның сыртқы сауда-саттығында Беларусь үлесінің шамалы болуына байланысты бұл елдегі ахуал біздің экономикамызға айтарлықтай әсер ете қоймайды. Керісінше, экономикалардың экспорттық шикізаттық бағыттарының және Ресей үлесінің ҚР-ның сыртқы саудасында басым болуының, яғни 2012 жылдың 11 айында сыртқы сауда айналымының 17 пайызға жетуі әсерінен Қазақстан мен Беларусьтағы ішкі және сыртқы әсерлердің таралу сценарийлері ұқсас болып келеді. Атап айтқанда, Кеден одағы аясында 2013 жылы Қазақстан экономикасы үшін өзара сауда-саттықтың одан әрі баяулау тәуекелі бар. 2012 жылдың 11 айы ішінде 2011 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда Қазақстанның жалпы сауда айналымындағы Кеден одағы елдерінің үлесі 18,7-ден 17,7 пайызға дейін қысқарды. Бұл негізінен Кеден одағы экспортының 7,3 пайызға төмендеуіне байланысты. Экспорттың қысқаруына КО елдерінің жалпы нарығына қазақстандық өнімді шығаруға, сонымен қатар 2012 жылы орын алған шикізат экспортына әлемдік сұраныстың төмендеуіне сәйкес келуі сияқты бірнеше себебі бар. ЕҚДБ мәліметтері бойынша, Қазақстан Ресейдегі ахуалға барынша тәуелді. Сондықтан да қазіргі уақытта Ресей экономикасының капиталды ауқымды түрде шығаруы, басты макроэкономикалық көрсеткіштер, сонымен қатар валюталық және девальвациялық тәуекелдердің төмендеуі сынды ірі тәуекелдердің Қазақстан үшін маңыздылығы күшейеді.

Толықтай алғанда, жоғарыда атаған тәуекелдер ірі әлемдік державалардағы сұраныстың баяулауына әкелуге қабілетті. Бұл Қазақстанның негізгі экспорттық тауарлары бағасының төмендеуіне әкелуі мүмкін. Экспорттық кірістің төмендеуі елдегі өндіріс өсімі қарқынын қысқартады. Мәселен, 2012 жылы әлемдік сұраныстың төмендеуі салдарынан қазақ елі экспорттайтын негізгі металлдар бағасы құлдырап, ал мұнай құны шамалы артса, әлемде орын алған құрғақшылық салдарынан астық бағасы шарықтап шыға келді. Міне осы және басқа да себептер 2011 жылғы 7,5 пайыз құраған Қазақстан ЖІӨ өсімінің 2012 жылы 5 пайызға дейін баяулауына түрткі болды.

ҚР ЭБЖМ сарапшыларының шолуында, Қазақстан экономикасына әлемдік тәуекелдердің әсер ету арналары да кеңінен қарастырылған. Біріншіден, әлемдік экономиканың баяулауы Қазақстанға сауда арналары арқылы әсер етеді. Еуропаның өз-өзіне келуінің созылып кетуі мен Қытай дамуының баяулауы елімізге барынша қауіп төндіреді. Қытай 2012 жылы тәуекелдердің Қиын индексі рейтингінде 8-ден 12-ші орынға сырғып, өз ұстанымын нашарлатып алды. Бұл экономикалық белсенділіктің әлсіреуі мүмкіндігін арттыра түсті.

Екіншіден, әлемдік экономикаға тәуекелдердің әсер етуі қаржы арналары арқылы жүзеге асырылады. Атап айтқанда, АҚШ-тың кредит рейтингісінің төмендеуі және биржа нарықтарының құлдырауы шетелдегі қазақстандық инвестициялар құнының жоғалуына түрткі болады. Еуропалық одақ пен Қытайдағы ахуалдың нашарлауы Қазақстанға тікелей шетелдік инвестициялар көлемінің азаюы арқылы әсер етеді. Осылайша, әлемдегі беймәлім ахуал 2013 жылы Қазақстанның экономикалық саясатындағы байыпты қадамдар жасауға алғышарттар жасайды.

Қазіргі уақытта мұнай сатудан түскен табыстың бір бөлігін Ұлттық қорда сақтау саясаты жүргізілуде. Бұл қаражат келешек ұрпақтарымыздың болашағын жақсартумен қатар ұлттық экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз ете алады. Жыл сайын Ұлттық қордан нақты белгіленген трансферттер мұнайдың әлемдік бағасы шығындарына тәуелділіктерді азайту әрі стратегиялық жобаларды қаржыландыру үшін бөлінеді.

Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында экономиканы әртараптандыру жолдарымен мұнайға тәуелділіктен бас тарту шаралары қабылдануда.

Д.Шәріпов пен Ш.Дәулетбаевтардың атап өтуінше, Қазақстандағы ахуалға әсер ететін әлемдік тәуекелдердің басым бөлігі экономиканың шикізаттық бағытына байланысты. Сондықтан да әртараптандыру экономикалық саясаттың маңызды мақсаттарының бірі болуы тиіс.

Сарапшылардың атап өтуінше, «Қазақстан - 2050» жаңа Стратегиясында қойылған мақсаттарға қол жеткізу ұзақ мерзімді болашақта Қазақстанға шикізатқа тәуелділіктен арылып, әлемдік қоғамдастықта маңызды рөлге ие қуатты өзін-өзі қамтамасыз ететін мемлекет құруға, азаматтарының өмір деңгейін жақсартуға, сонымен қатар Үшінші индустриялық революцияға мүмкіндік береді.

Соңғы жаңалықтар