Әлем Қазақстан халқымен бірге аза тұтуда: Брюссельдегі дипкорпус «Арқанкерген» шекара қосынындағы қайғылы оқиғаға байланысты көңіл айтты

None
None
БРЮССЕЛЬ. 5 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін ұлттық аза тұту күнінде Қазақстанның Бельгиядағы Елшілігінде елде тіркелген дипломатиялық корпустың өкілдері 14 шекарашы қаза тапқан «Арқанкерген» қосынындағы қайғылы оқиғаға байланысты көңіл айтты.

Жарияланған ұлттық аза тұту күніне байланысты Қазақстанның Бельгиядағы Елшілігінде «Арқанкерген» қосынында қаза тапқан шекарашыларды үнсіздік минутымен еске алды. ҚР Мемлекеттік Туы төмен түсірілді. Қайғыға ортақтасуға келгендер арнайы ашылған көңіл айту кітабын толтырды.

Қазақстанның Бельгия және Люксембургтағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, ЕуроОдақ және НАТО жанындағы миссияның басшысы Ерік Өтембаевтың айтуынша, «бүгін Елшілікте көңіл айту кітабы ашылды. ЕуроОдақ пен НАТО жанында тіркелген  Белгия мен Люксембургтегі дипломаттар қайғырып, көңіл айтады. Бұл күні барлығы қазақстандық халыққа тілектестігін білдіруде».

Тәжікстанның Бельгиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, ЕО және НАТО жанындағы миссияның басшысы Рустамжон Солиев те көңіл айтты: «Болған оқиғаға байланысты көңіл айтқым келеді. Бұл барлық туысқандар мен жақындар үшін қайғылы оқиға. Біз үшін Қазақстан - ағайынды ел. Бұл біздің бауырлас, достас қазақ халқы. Мен жақын уақытта бұл варварлық қылмыстың барлық жағдайларының ашылатынына сенімдімін. Шекарада қызметтерін адал атқарған бұл жас азаматтардың отбасылары мен жақындарына тағы бір көңіл айтамын».

Украинаның Бельгиядағы Елшілігінің кеңесші Елшісі Ян Омельченко: «Қазақстандық халыққа Украина Елшілігінің атынан көңіл айтып, шекарада болған қайғылы оқиғаларға байланысты ортақтасып қайғырамыз» деді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 30 мамырда ҚР ҰҚК шекара қызметінің "Шығыс" өңірлік басқармасы Үшарал шекара отряды "Сары бөктер" заставасының наряды тауда жазғы уақытта қызмет атқаратын "Арқанкерген" шекара қосынының үстінен шыққан. Онда жанып кеткен 14 шекарашы мен бір қорықшының мүрдесі табылған болатын.

15 адам - 14 шекарашы мен бір қорықшы қаза тапқан лаңкестік әрекет мамырдың 27-нен 28-не қараған түні болды. «Сары бөктер» заставасының «Арқанкерген» шекара қосыны тауда, аудан орталығы - Алматы облысының Үшарал қаласынан 220 шақырым жерде орналасқан.

Соңғы жаңалықтар