Әлем халқының жартысынан астамы телефонға телміріп, желіге байланған - Дархан Қыдырәлі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Ақпарат және қоғамдықдаму министрі Дархан Қыдырәлі AstanaMediaWeek дәстүрлі халықаралық форумында, әлеуметтік желінің ақпарат саласындағы рөлі туралы пайымын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әуелі министр шараға Meta, TikTok копанияларының Қазақстандағы өкілдері шақырылғанын атап өтті.

«Бүгінгі медиа алаң жалпы дәстүрлі және жаңа медиа саласындағы басты мәселелерді, коммуникация бағытындағы өткір жайларды талқылайтын пайдалы пікір алмасу болады деп сенемін.

Өздеріңізге белгілі, қазіргі заман – ақпарат кезеңі. Интернет кеңістігі және жаңа технологияның дамуы ақпарат алу мен таратуды өте жылдамдатты. Саяси қатынастар ғылымының танымал өкілі, професссор Мануал Фостерс интернет пен әлеуметтік желі бұрынғы вертикалды биліктің орнына жаңа күш – горизанталды биліктің өмірге келгенін жазады. Яғни, азаматтық журналистика, смартфон-журналистикасы ұғымдары пайда болды», - деді ведомство басшысы.

Сондай-ақ, ол интернет қолданушылардың саны күн санап миллиондап өсіп жатқаны туралы статистикалық мәліметтерді келтірді.

«We Are Social» компаниясы қаңтар айында келтірген деректерге сүйенсек, әлемде 5,5 млрд адам ұялы телефон қолданады екен. Ал интернет қолданушылардың саны 5 милииардқа жуықтаған. Соңғы бір жылда интернет пайдаланушылар саны шамамен 200 миллионға өскен.

Осы статистикаға жүгінсек, әлем халқының жартысынан астамы телефонға телміріп, желіге байланған болып шығады. Мәселен 2021 жылы 124 млн адам жаңа аккаунт ашып, тіркелген. Бұл күніне орта есеппен 1 миллионнан астам жаңа пайдаланушыға тең деген сөз. Әрине, зерттеу қорытындысының қаңтар айында жарияланғанын ескерсек, одан бері бұл көрсеткіштің еселеп артқаны анық»,- деді Дархан Қыдырәлі.


Соңғы жаңалықтар