Әлем елдерінде нәсілшілдікке қарсы шерулер жалғасуда - ВВС

None
None
ЛОНДОН. ҚазАқпарат – АҚШ-та Джордж Флойд есімді афроамерикалық қаза болғаннан кейін әлемнің түрлі елдерінде наразылық шерулері басталды. Сенбі күні Еуропа мен Америка қалаларында мыңдаған белсенді көшеге шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ВВС-ге сілтеме жасап.

Британияда демонстрациялар Лондон, Манчестер, Кардиффе мен өзге де қалаларда өтті. Лондонда демонстранттар тізе бүгіп: «Әділдік жоқ, бейбітшілік жоқ!» деп айғайлауда.

Коронавирус жұқтыру қаупіне байланысты үкімет халыққа топ болып жиналмауға кеңес берді. Бірақ адамдар бұған қарамастан, демонстрацияларға шығып жатыр.

Шерулердің барлығы дерлік бейбіт өтті. Алайда, кешке Даунинг-Стриттегі премьер-министр резиденциясының жанында наразылыққа қатысушылар мен полицияның арасында қақтығыстар болды. Соңғы мәліметтер бойынша, акциялар кезінде кем дегенде 23 полиция қызметкері жапа шеккен.

Наразылық білдірушілер биліктің бұқаралық шараларға жиналмау туралы өтінішін елемеді.

Лондонда демонстранттардың көбі маска мен қолғап киіп шықты. Кейбіреулер «COVID-19-дан да жаман вирус бар, ол – нәсілшілдік» деген жазуы бар плакаттар көтеріп жүрді.

Солтүстік Ирландияда полиция көптеген адамға айыппұл салды. Себебі халықтың топтасып жиналуына әлі де тыйым салынған.

Вашингтонда да мыңдаған адам нәсілшілдік пен полицияның зорлық-зомбылығына наразылық білдіріп, тағы да көшеге шықты. Демонстрациялар Капитолий төбешігінде және Ақүйдің жанында өтті. АҚШ-тағы акциялар 12 күннен бері жалғасып жатыр.

Сенбіде Канаданың Торонто қаласында бірнеше мың адам көшеге шықты. Жергілікті полиция барлық демонстрациялар бейбіт түрде өтіп жатыр деп хабарлады. Шеруге қатысушылар «Әділдік жоқ, бейбітшілік жоқ» деген транспаранттар жазып алған.

Франциядағы нәсілшілдік пен полицияның зорлық-зомбылығына қарсы акцияларға 20 мыңнан астам демонстрант қатысты. Лилль қаласының полициясы сенбіде наразылық білдірушілерді тоқтату үшін көзден жас ағызатын газды қолданған.

Германия астанасы Берлинде нәсілшілдікке қарсы шеруге 15 мыңға жуық адам қатысқан.

Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, Александерплацтың орталық алаңындағы «Үнсіз наразылық» акциясы бейбіт және полициямен еш қақтығыссыз өтті. Акцияға көпшілігі қара түсті киініп, асфальтта 8 минут 46 секунд үнсіз отырды. Дәл осынша уақыт бойы полиция қызметкері қаза болған афроамерикалық Джордж Флойдқа тұншықтыру әдісін қолданған еді.

Берлиндегі шеру бейбіт өтті. Бірақ қашықтықты сақтау талабы сақталмады.

Әлем бойынша наразылық интернетте полицей тұншықтырған Джордж Флойдтың Миннеаполисте қамауға алынғаны көрсетілген видеожазба жарияланғаннан кейін басталды.

Флойд қарусыз болған. Полицей оны жерге жатқызып, тізесімен мойнынан тоғыз минут басып тұрған.

Полиция қызметкеріне кісі өлтірді деген, ал оның үш әріптесі бұл оқиғаға қатысы бар деп айыпталды.


Соңғы жаңалықтар