Әлем елдерінде коронавирусқа қатысты жағдай 2-3 айда шешімін табады - министр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Коронавирусқа қатысты жағдайды дұрыс түсіну керек. ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жұқпалы ауру адамнан адамға жұғады. Біздің негізгі мақсатымыз – осы инфекцияны тоқтатып, оның таралуына жол бермеу. Әрине, жауапкершілік өте маңызды, жағдайды барлығымыз дұрыс түсінуіміз керек. Үнемі қорқып, тығылып үйде отыру деген дұрыс емес, бірақ сақтану шараларын ұстану керек. Гигиеналық талаптарды сақтау қажет», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Осы орайда Е. Біртанов инфекцияның таралуының алдын алу үшін БАҚ-та түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізуді сұрады.

«Сіздерге менің өтінішім бар, бұқаралық ақпарат құралдарының мүмкіндігін пайдаланып, азаматтарға түсіндіру шараларын жүргізу керек. Басқа мемлекеттерде де 2-3 айдың ішінде мәселе шешіледі, инфекция тоқтайды. Сондықтан жағдайды түсініп, гигиенаға мән берген дұрыс», - деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов коронавирус жұқтырған үшінші адам Миланнан келгенін айтты.

Министр коронавирус инфекциясын жұқтырған Қазақстанның екі азаматы Германиядан келгенін мәлім етті.


Соңғы жаңалықтар