Әлем елдерінде қазақ тілін үйрететін 30-дан астам сынып бар

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әлемнің 12 елінде қазақ тілін үйренуге ниеттілер үшін 31 сынып жұмыс істеп тұр. Бұл туралы «Отандастар қоры» КЕАҚ вице-президенті Мағауия Сарбасов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Пандемия кезінде бірқатар іс-шараны кейінге қалдыруға тура келді. Дегенмен қол қусырып отырмай кейбірін онлайн өткіздік. Мысалы, өткен жылы шетелдегі қандастардың қатысуымен 20-ға жуық шара өтті. Оған 6 мыңнан астам қандас қатысты. Ал биыл 10 айдың ішінде тағы 20 –ға жуық түрлі форматтағы іс-шара ұйымдастырылды. Сондай-ақ, ана тілін үйренгісі келетін сырттағы қандастар үшін онлайн және офлайн форматта курс ұйымдастырылып жатыр. Қазіргі уақытта әлемнің 12 елінде 31 қазақ тілін үйрену сыныбы жұмыс істеп тұр», - деді Мағауия Сарбасов шетелдегі қазақтілді БАҚ ассоциациясының құрылуына арналған шарада.

Оның айтуынша, шетелдегі қазақ тілін үйрену сыныптары қажетті оқулық және құрал-жабдықтармен қамтылған.

«Одан бөлек, шетелдегі кішкентай қандастарымызды да назардан тыс қалдырмадық. Атап айтқанда, балаларға арналған «Туған жерге саяхат», «Ұлы дала ұрпағы» бағдарламалары іске қосылды. Біздегі қолға алынған тағы бір жоба «Киелі Қазақстан» деп аталады. Жобаны мақсаты – шетелдегі жас қандастарға отанын көрсету, сырттағы жас бауырларымыздың басын қосу. Өткен аптада ғана шетелден бір жас қандас Қазақстанға келді. Оның аясында кездесу, шығармашылық жарыс тағы сол секілді шаралар өтті. Шетелде туылып Қазақстанда болып көрмеген қаншама жас қандасымыз бар, олар атажұртты көргісі келеді», - дейді ол.

Шетелдегі жас қандастардың басын қосу шарасы биыл Алматыда өткен, келесі жылы ШҚО-да өткізу жоспарланып отыр.

Айта кетсек, бүгін Қазақстанда шетелдегі қазақтілді бұқаралық ақпарат құралдарының басын біріктірген ассоциация құрылды.

Бұған дейін қордың вице-президенті Мағауия Сарбасов шетелдегі 1 миллионға жуық қандасымыз елге оралуға ниетті екенін жеткізді.

Одан бөлек, бүгінде шет мемлекеттерде тұратын қандастарды елге қайтарудың тұжырымдамасы әзірленіп жатыр.


Соңғы жаңалықтар