
Әлем чемпионының әулеті «Мерейлі отбасы» атанды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордадағы «Қазақстан» орталық концерт залында «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының қорытынды концерті өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қыркүйектің екінші жексенбісі Қазақстанда Отбасы күні ретінде тойланады. Осы айтулы датаға орай, елордада «Мерейлі отбасы» конкурсының жеңімпаздары марапатталды. Елдегі 14 облыс пен 3 республикалық маңыздағы қаланың намысын қорғап келген үздік отбасылар астана төрінде қошеметке ие болды.
Марапаттау рәсіміне қатысқан ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев жеңімпаз жанұяларға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.
Жылдағыдай бұл жолы да еліміздің ең «Мерейлі отбасын» анықтауға барша қазақстандықтар атсалысқан болатын. SMS-пен және интернет арқылы дауыс беру нәтижесінде атыраулық Тілекқабыловтар әулетіне «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының лауреаты» атағы берілді. Жеңімпаз жанұяға отандық «СарыарқаАвтоПром» ЖШС шығарған шағын автобустың кілті табысталды.
Әулеттің тірегі болған еңбек ардагері, білім саласының құрметті қызметкері, Ағарту ісінің үздігі, Индер ауданының құрметті азматы Төлеш Тілекқабылұлы қазір өмірде жоқ. Әулет анасы Аймедет Қабдешқызының жасы 82-де. Кітапханашы болып жұмыс істеген әжей «Алтын алқа», «Еңбек ері» медальдерінің иегері. Қазір ол 8 баладан 28 немере, 16 шөбере сүйіп отыр. Немерелерінің бесеуі мектепті «Алтын белгімен» аяқтаса, үш немересі «Қызыл диплом» иегері атанған. Абылай Төлеш атты немересі - панкратионнан әлем чемпионы, жауынгерлік самбодан әлем кубогінің екі дүркін күміс жүлдегері.
Jańalyqtar



















