Әлем чемпионы Асланбек Шымбергеновке 3 бөлмелі пәтер берілді

None
Фото: Шымкент қаласының әкімдігі
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Ташкентте өткен бокстан әлем чемпионатының жеңімпазы Асланбек Шымбергенов пен күміс жүлдегер Дулат Бекбауовты Жамбыл жұртшылығы Тараздың шығыс қақпасынан сән-салтанатпен күтіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өзбекстандағы әлем біріншілігінде өнер көрсеткен жамбылдық екі боксшы: Ұлттық құрама капитаны Асланбек Шымбергенов – алтын, Дулат Бекбауов күміс медаль жеңіп алған болатын.

Арнайы ұйымдастырылған салтанатты шарада облыс әкімі Нұржан Нұржігітов қос боксшыны жеңіспен құттықтап, жерлестерінің атынан марапаттады.

«Әлемдік бәсекеде көк Туымызды биікке көтерген өрендеріміз Асланбек пен Дулатты айтулы жеңісімен шын жүректен құттықтаймын! Жамбыл бокс мектебінің жарқын дәстүрін сақтаған спортшыларымыз өздерін нағыз шебер боксшы екендігін осы әлем біріншілігінде дәлелдей білді.


1999 жылы Хьюстонда өткен әлем чемпионатында Болат Жұмәділов алтыннан алқа тақса, араға 24 жыл салып Асланбек Шымбергенов сол жеңісті, сол ерлікті қайталап отыр. Бұл біз үшін үлкен қуаныш, жоғары мәртебе. Боксшыларымызды үлкен рингке баулып, халықаралық дәрежедегі спорт шебері деңгейіне көтерген ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы Нұрлан Ақүрпеков пен Ермек Ертаевтардың ерен еңбектерін де айрықша атап өткім келеді»,– деген облыс басшысы боксшылардың ата-аналарына да ризашылығын жеткізді.

Сондай-ақ салтанатты шарада әлем чемпионы Асланбек Шымбергеновке 3 бөлмелі пәтердің кілті табысталды.

Ал жеңімпаздың жеке бапкері, жоғары санатты жаттықтырушы Ермек Ертаевқа 5 миллион теңгенің сертификаты берілді.

Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Дулат Бекбауов 2 бөлмелі пәтердің кілтіне ие болса, жеке бапкері Нұрлан Ақүрпековке 3 миллион теңгенің сертификаты табысталды.

Еске салайық, кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бокстан биылғы әлем чемпиондары – Санжар Тәшкенбай, Махмұд Сабырхан, Асланбек Шымбергенов, Нұрбек Оралбай және күміс медаль иегері Дулат Бекбауовты, сондай-ақ бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшелері мен бапкерлерін қабылдаған болатын.

Бүгін Асланбек Шымбергеновке Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов «Ел қорғаны» медалін табыс етті.





Соңғы жаңалықтар