Әлем чемпионатында жартылай финалға шыққан боксшы қыздар жекпе-жек жайында пікір білдірді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Үндістанның Нью-Дели қаласында өтіп жатқан әйелдер арасындағы әлем чемпионатында кешкі сессияда жартылай финалға шыққан қазақстандық боксшылар жекпе-жегі жөнінде ой бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ел құрамасынан Надежда Рябец (66 келі) Кабо-Верде өкілі Ивануса Гомес Морейрадан басым түсті.

«Бұл - менің 66 келі салмақта қатысып отырған алғашқы әлем чемпионатым. Қарсылас атанған спортшылардың барлығының бойы менен биік болды. Сәттілік пен дайындық арқасында жартылай финалға дейін жеттім. Алда екі жекпе-жегім қалды. Сенімді ақтауға тырысамын. Жанкүйерлік жасаған барша азаматтарға алғыс айтамын», - деді Надежда Рябец.

Ал Валентина Хальзова (75 келі) түркиялық Элиф Гюнериді тізе бүктірді.

«Бүгінгі жекпе-жектің алғашқы екі раунды тартысты өтті. Бапкерлерім қарсыласымның қарқынын қайтаруға кеңес берді. Оны орындауға бар күшімді салдым. Ойлағанымыз жүзеге асты. Мен әлем чемпионатына жеңіс үшін келдім. Жанкүйерлерге ризашылығымды білдіремін», - деді Валентина.

Сондай-ақ, 81 келіден жоғары салмақта Ләззат Күнгейбаева үндістандық Нупурдың осал тұсын тапты.

«Мен жартылай финалға жолдаманы үндістандық боксшымен сарапқа салдым. Аздаған қобалжу болды. Енді алдағы жекпе-жегімде әзербайжандық боксшымен кездесемін. Бұған дейін екеуіміз екі мәрте шеберлік байқасқан едік. Жеңіске жетемін деген ойдамын», - деді Ләззат.

Сондай-ақ, ел құрамасынан Алуа Балқыбекова (48 келі), Карина Ибрагимова (57 келі), Фариза Шолтай (81 келі) жартылай финалға жолдама алды.

Ал Мәдина Нұршаева (70 келі), Жайна Шекербекова (54 келі), Римма Волосенко (60 келі) қарсыластарына есе жіберіп қойды.


Соңғы жаңалықтар