Әлем чемпионатында Дариға Шәкімова қарсыласына есе жіберді

Фото: None
ЫСТАНБҰЛ. ҚазАқпарат - Бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионатында қазақстандық Дариға Шәкімова жарысты жалғастыра алмайтын болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ол 66 келі салмақта өзбекстандық Навбахор Хамидовамен қолғап түйістірді.

Бірінші раундтан кейін бес төрешінің үшеуі өзбек боксшысының жеңісіне қолдау білдірді. Екінші раундта олардың саны төртеуге жетті. Жалпы нәтижеде өзбек боксшысы жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.

Дариға Шәкімова 1988 жылы 20 қарашада дүниеге келген. Ол 2016 жылы Жазғы олимпиадада қола жүлдегер атанды. Ал 2010, 2015 жылдарда Азия чемпионы болды.

Әлем чемпионатына еліміздің атынан 12 боксшы барды.

Әлем чемпионатында ел құрамасынан Алуа Балқыбекова (48 келі), Жайна Шекербекова (52 келі), Дина Жоламан (54 келі), Карина Ибрагимова (57 келі), Валентина Хальзова (70 келі) жарыстың келесі сатысына шықты.

Еске салсақ, бұған дейін Назым Қызайбай (50 келі), Римма Волосенко (60 келі), Аида Әбікеева (63 келі) мен Надежда Рябец (75 келі) қарсыластарына есе жіберіп қойды.

Әлем чемпионаты 20 мамырда мәресіне жетеді.


Соңғы жаңалықтар