Әлем чемпионаты: Василий Левит қарсыласын соққының астына алды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Германияның Гамбург қаласында өтіп жатқан бокстан Әлем чемпионатында 91 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі Василий Левит өзінің алғашқы кездесуін өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

2016 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Василийдің қарсыласы бразилиялық Жуан Гонсалвеш болды. Шаршы алаңда қазақстандық спортшы өзінің шеберлігін дәлелдеп, бразилиялықты айқын басымдықпен жеңді, есеп - 5:0.

Енді Василий Левит 29 тамыз күні өтетін ширек финалда австралиялық Джейсон Уотелимен кездеседі. 

Бұған дейін Әлем чемпионатындағы жекпе-жектерін сондай-ақ Әбілхан Аманқұл  (75 келіге дейін), Жомарт Ержан  (49 келі) мен Қайрат Ералиев  (56 келі) өткізген болатын. Қарсыластарынан басым түскен олар, ширек финалға жолдама алды. 29 тамызда Жомарт ресейлік Василий Егоровпен, Қайрат неміс Омар Эль-Хагпен, Әбілхан кубалық Арлен Лопеспен қолғап түйістіреді.

Еске салайық, үш спортшымыз - Азамат Исақұлов (52 келі) пен Әділет Құрметов (60 келі) пен Бекдәулет Ибрагимов  (64 келіге дейін) турнирдегі жарысын аяқтады.

25 тамызда басталған Бокстан әлем чемпионаты тоғыз күнге жалғасып, 2 қыркүйек күні мәреге жетеді. Қазақстан құрамасы барлық 10 салмақ дәрежесінде сынға түсетін болады. Олар  - 49 келі салмақта Ержан Жомарт, 52 келі салмақта Азамат Исақұлов, 56 келі салмақта Қайрат Ералиев, 60 келіде Әділет Құрметов, 64 келіде Бекдәулет Ибрагимов, 69 келіде Абылайхан Жүсіпов, 75 келіде Әбілхан Аманқұл, 81 келіде Ерік Әлжанов, 91 келіде Василий Левит және аса ауыр салмақта Қамшыбек Қоңқабаев.

Байрақты додада әлемнің 85 елінен 280 боксшы бақ сынауда.

Видео: Aishuaknewskaz

Соңғы жаңалықтар