Әлем чемпионаты: Валентина Хальзова жартылай финалға шықты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Үндістанның Нью-Дели қаласында өтіп жатқан бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионатының ширек финалында қазақстандық Валентина Хальзова жеңіске жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ел құрамасынан Валентина Хальзова (75 келі) түркиялық Элиф Гюнеримен қолғап түйістірді.

Алғашқы екі раундта қарсыластар тартысты жекпе-жек өткізді. Шешуші үшінші раундта қазақстандық боксшының басымдығы байқалып тұрды. Осылайша, Валентина Хальзова ел құрамасынан жартылай финалға берілген бесінші жолдамаға ие болды.

Ол бұған дейін 2016, 2022 жылдары әлем чемпионы атанса, 2017 жылы Азия чемпионатында күміс жүлде алған.

Ел құрамасынан бүгін төрт боксшы жартылай финалға жолдама алды. Олардың қатарында Алуа Балқыбекова (48 келі), Карина Ибрагимова (57 келі), Фариза Шолтай (81 келі), Надежда Рябец бар.

Ал, Мәдина Нұршаева (70 кг) бразилиялық Барбара дос Сантосқа жол берсе, кешкі сессияда Жайна Шекербекова (54 келі) колумбиялық Марсела Ариаспеге, Римма Волосенко (60 келі) қытайлық Веньлу Янге есе жіберіп қойды.

Енді Ләззат Күнгейбаеваның (81 келіден жоғары) жекпе-жегін күтеміз.


Соңғы жаңалықтар