Әлем чемпионаты тоғызқұмалақтың өзге елдерде дамып келе жатқанын көрсетті - Айнұр Жақапбаева

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Кеше Түркияның Анталия қаласында төл ойынымыз тоғызқұмалақтан V әлем чемпионаты өз мәресіне жеткен болатын.

Аталған әлемдік додада кімдердің топ жарғанын жазған едік. Бүгін Түркия төрінде өткен дода туралы ҚазАқпарат тілшісіне Азия чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы, Тоғызқұмалақтан Қазақстанның ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Айнұр Жақапбаева айтып берді.

- Төл ойынымыз тоғызқұмалақтан әлем біріншілігін түрік жұрты қандай деңгейде ұйымдастыра алды?

- Өте жоғары деңгейде өтті. Әр елден жарысқа келген ойыншыларды жақсылап күтіп алып, шығарып салды. Жарыстың салтанатты ашылуы мен жабылу рәсімінде өте жоғары деңгейде ұйымдастыра білді. Бір сөзбен айтқанда барлығы талапқа сай болды. Бұл жерде тек тоғызқұмалақ ойыны емес, мангала ойынынан да әлем чемпионаты өтті.

null

- Жалпы әлем біріншілігіне қанша елден спортшы келді?

- Жалпы 16 мемлекеттен 100-ге жуық спортшы қатысты. Алғашында бұл біріншілікке Германия ойыншылары да қатысуға өтінім берген болатын. Өкінішке қарай жарыс басталар сәтте олар белгілі бір себептерге байланысты бас тартып, жарысқа қатысқан жоқ. Германияны арнайы атап отырған себебім - оларда тоғызқұмалақтан әлем чемпионатының қола жүлдегері мен Еуропа біріншілігінде топ жарған мықты ойыншылар болған. Олар келгенде ойын көрігі тіптен қыза түсер ме еді деп ойладық.

- Өзге елдерден келген ойыншылардан биыл кімдер көзге түсті?

- Биыл өзге елдерден көзге түскен спортшылар арасынан ең бірінші чехиялық Павель Нога деген азаматты атар едім. Ол тоғызқұмалақтың классика түрінен соңғы турда төрт дүркін әлем чемпионы атанған Ғалымжан Темірбаевтан ұтылып қалды. Егер соңғы турда ұтқанда әлем чемпионы атанар еді. Сосын Моңғолиядан келген ойыншыларда өте жоғары деңгейде өнер көрсетті. Жарыстың екі түрінен Ардабұлан Шындәулет пен Ерманат Құлибек қола медаль жеңіп алды. Сондай-ақ, тоғызқұмалақтың блиц түрінен қырғызстандық жас ойыншы Марлис Дуулатбеков тұңғыш рет әлем чемпионы атанды. Ол 11-сыныптың оқушысы. Міне, бұл төл ойынымыздың өзге елдерде де жоғары деңгейде дамып келе жатқанының белгісі.

- Ал өзіміздің ойыншылардан кімдерді атап өтер едіңіз? Болашағынан үміт күтетін жастардан кімдерді байқай алдыңыз?

- Біздің үкілеп апарған барлық ойыншыларымыз жарады. Бұрын әлемнің 8 дүркін чемпионы Әсел Дәлиева 9 дүркін чемпион атанса, ерлер арасындағы спортшыларымызда кезекті чемпиондық атақтарына қол жеткізді. Ал, болашағынан зор үміт күтуге болатын жас спортшылар туралы айтар болсам Түркістан обылысының ойыншысы Лина Каримова Астанада өткен әлем чемпионатында бір рет топ жарса, міне, Түркияда екінші рет бас жүлдені жеңіп алды. Тағы бір ақтөбелік жас ойыншымыз биыл 11-сыныпта оқып жатқан Гүлжанат Алдабергенова өткен жылы Азия чемпионы атанса, міне биыл тоғызқұмалақтан әлем чемпионы деген атқа ие болды. Міне, бұл болашақта тоғызқұмалақтан талай әлем чемпиондары шығатынын көрсетіп отыр.

null

- Енді, алдағы жоспарларыңызды бөлісе кетсеңіз?

- Осы әлем біріншілігі аясында дүниежүзілік тоғызқұмалақ қауымдастығының отырысы өтті. Онда келесі, яғни 2020 жылы тоғызқұмалақтан Азия чемпионаты мен Еуропа біріншілігін қай елде өткізетініміз белгілі болды. Азия чемпионатын Өзбекстанда өткізсек, Еуропа біріншілігі Мажарстанда өтетін болып белгіленді. Енді сол жарыстарға тыңғылықты дайындаламыз.

- Әңгімеңізге рахмет!

Соңғы жаңалықтар