Әлем чемпионаты: Надежда Рябец төртінші жолдамаға ие болды

None
Фото: olympic.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат - Үндістанның Нью-Дели қаласында өтіп жатқан бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионатының ширек финалында қазақстандық Надежда Рябец жеңіске жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ел құрамасынан Надежда Рябец (66 келі) Кабо-Верде өкілі Ивануса Гомес Морейрамен шеберлік байқасты. Жекпе-жек барысында бірінші раунд қазақстандық боксшының басымдығымен аяқталды. Төрешілер бірауыздан оның жеңісіне қолдау білдірді.

Екінші раундта да Надежда басымдығын арттырды. Бұл жолы да төрешілер оның жеңгенін мойындады. Нәтижесінде, Надежда Рябец төрешілер шешімімен жартылай финалға шықты.

Бұған дейінгі алғашқы екі кездесуінде Надежда Рябец оңтүстіккореялық Сён Суджин мен доминикандық Мария Моронта Эрнандесті орта жолда қалдырып кетті.

Ол төрт мәрте Қазақстан чемпионы атанған. Сондай-ақ, жасөспірімдер арасында әлем чемпионы болды және жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарында қола алды.

Ел құрамасынан бүгін үш боксшы жартылай финалға жолдама алды. Олардың қатарында Алуа Балқыбекова (48 келі), Карина Ибрагимова (57 келі), Фариза Шолтай (81 келі) бар.

Ал, Мәдина Нұршаева (70 кг) бразилиялық Барбара дос Сантосқа жол берсе, кешкі сессияда Жайна Шекербекова (54 келі) колумбиялық Марсела Ариаспеге, Римма Волосенко (60 келі) қытайлық Веньлу Янге есе жіберіп қойды.

Енді Валентина Хальзова (75 келі) және Ләззат Күнгейбаева (81 келіден жоғары) сынға түседі.


Соңғы жаңалықтар