Әлем чемпионаты: Медаль алған боксшыларымыз ақшалай сыйақы алады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Польшада өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында жүлдегер болған қазақстандық боксшылар ақшалай сыйақы алады. Бұл туралы Қазақстан бокс федерациясының атқарушы директоры Маратбек Мықтыбеков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Sports.kz-ке сілтеме жасап.

«Отандық боксшылардың кәсіби боксқа ауысуына және жекелеген промоутерлік компаниялардың қазірдің өзінде талантты боксшыларымызға қызығушылық танытуына қатысты қауіптерге келетін болсақ, мен, ең алдымен, өз Отанына деген патриотизм болу керек деп санаймын. Бұл да жас спортшыларды тәрбиелеудің бір бөлігі. Біздің ұйымшыл, тату командамыз бар, осы жерде мен Қайрат Сатжанов бастаған жаттықтырушылар штабына осындай орта құрғаны үшін алғыс айтқым келеді. Әрине, федерация тарапынан біз спортшыларымыз үшін турнирлерге, дайындыққа қажетті жағдайларды жасаймыз.

Бұдан бөлек, боксшылармен кездесуде Қазақстан бокс федерациясының басшысы Кеңес Рақышев ірі турнирлерде табысты өнер көрсеткені үшін біздің боксшылар ақшалай көтермелеулер алатынын, бұл да отандық спортшыларға жақсы ынталандыру болатынын айтты. Жастар арасындағы әлем чемпионатындағы жетістік те бұдан тыс қалмайды», - деді Мықтыбеков.

Еске салайық, бокстан өткен жастар арасындағы әлем чемпионаты Польшаның Кельце қаласында өткен болатын. Турнирден қазақстандық спортшылар екі алтын, екі күміс медаль олжалап қайтты.




Соңғы жаңалықтар