Әлем чемпионаты: Дмитрий Баландин жетінші орынға табан тіреді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Оңтүстік Кореяның Кванджу қаласында өтіп жатқан су спорты түрлерінен Әлем чемпионатында 200 метрге брасс әдісімен жүзуден финалдық бәсеке аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитетінің мәліметіне сәйкес, ақтық сынға жолдама алған қазақстандық Дмитрий Баландин жетінші орыннан көрінді. Ол аталған қашықтықты 2 минут 08.25 секундта жүзіп өтті.

200 метрге брасс әдісімен жүзуден әлем чемпионы атағын ресейлік Антон Чупков еншіледі. Ол әлем рекордын орнатып, 2:06.12 уақыт көрсеткішінде мәреге жетті. Күміс жүлдені австралиялық Мэтью Уилссон, қола медальді жапониялық Иппэй Ватанабе жеңіп алды.

Айта кетелік, Дмитрий Баландин Олимпиада ойындарына дайындықты енді бастады. Рио Олимпиадасының чемпионы Қазақстан ҰОК арнайы жобасы аясында әйгілі америкалық маман Дэйв Салоның қоластында, АҚШ-та жаттығуда.

«Мен үшін әлем чемпионаты әлі аяқталған жоқ. Алда командалық эстафета бар. Біз Олимпиада ойындарына жолдама алуға тырысамыз. Жалпы алғанда, жекелей сындағы өз өнеріме көңілім толады. Жүз метрлік жарыста өз нәтижемді жақсартып, ел рекордын жаңарттым. 200 метрлік сында бәрі мен ойлағандай болмады. Бірақ көңіл түсіретіндей жағдай емес. Мұнда аэробты дайындығым аздап жетіспей қалды. Десе де, нәтижем жаман емес. Оңай болған жоқ, әрине. Енді бапкермен бірге жаттығуды жалғастырамыз. Жарыстың видеосын тамашалап, бәрін сараптаймыз. Сол сараптама қорытындысы бойынша дайындықты ретке келтіру мақсаты тұр алда. Әлем чемпионатынан соң аздаған демалыс алып, Лос-Анджелеске, Дэйв Салоға қайта ораламыз. Дэйв әлем чемпионатында бізге бағыт беріп, әрбір жарыстан соң өз ақыл-кеңесімен бөлісті. Сол үшін көп рахмет»,- деді Баландин.

Соңғы жаңалықтар