Әлем бойынша неше елде АЭС салынған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде ҚР Энергетика министрлігі атом энергетикасы және өнеркәсібі департаментінің директоры Жаслан Қасенов атом энергетикасын дамытып жатқан елдер туралы мәлімет берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазір әлем бойынша 31 мемлекет атом электр станциясын пайдаланып отыр. 2022 жылғы ақпандағы жағдай бойынша әлемде жалпы қуаты шамамен 391 ГВт болатын 439 энергетикалық реактор бар және 55 ГВт қуаты бар тағы 52 реактор салынып жатыр.

Атом энергетикасын айтарлықтай қолданып отырған елдер: АҚШ, Франция, ҚХР, Жапония, Ресей және Оңтүстік Корея. Бұл елдердің әрқайсысында 25 ГВт-тан астам қуаттылық бар. Канада мен Украинада шамамен 13 ГВт, ал Ұлыбритания, Германия, Швеция, Испания, Үндістан және Бельгияда шамамен 5-10 ГВт энергия беріп тұрған АЭС орнатылған. Тағы 18 елде әрқайсысы 0,4 - 4 ГВт дәлізінде белгіленген қуаты бар бір немесе бірнеше реактор бар», - деді Жаслан Қасенов.

Сондай-ақ, ол атом энергетикасына бет бұрған елдердің картасы алты құрлықты бірдей қамтитынын атап өтті.

«Франция он жыл ойланғаннан кейін ядролық энергетикаға сенім артатын болды. Тіпті 14-ке дейін жаңа реактор орнатуды жоспарлап отыр. Олардың біріншісі 2035 жылға қарай іске қосылуға тиіс.

Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері, Беларусь сияқты елдер өз тарихында бірінші рет АЭС салғызып отыр.

Бұрын АЭС-тен бас тартқан Польша қазір атомдық энергетикалық бағдарламасын жаңартуға дайындалып жатыр. Африка мен Таяу Шығыс мемлекеттері белсене бастады. Еуропалық комиссия Еуропалық Одақ мүшелеріне 2050 жылға қарай көміртегі бейтараптығына көшу бағдарламасына атом энергетикасын қосу жоспарланған қаулы жобасын ұсынды», -деді министлік өкілі.


Соңғы жаңалықтар