Әлем барысы: Финалда Айбек Нұғымаров пен Ерсұлтан Мұзафаров белдесетін болды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлем барысы-2018 чемпиоатында финалдық белдесуге Айбек Нұғымаров пен Ерсұлтан Мұзафаров шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жартылай финалда кездескен Ресей балуаны Роман Бобиков пен қазақстандық Ерсұлтан Мұзафаровтың кездесуі көптің есінде қалары сөзсіз. Өзінен әлдеқайда алып денелі орыс балуанын отандасымыз алғашқы секундтарда-ақ біршама састырғаны анық. Көптің қолдауынан күш алған Ерсұлтан төрт мәрте әдіс қолданып, Бобиковты жартылай финалда сүріндірді.

Бұдан кейін Айбек Нұғымаров пен гүржі балуаны Гурам Тушишвили кездесті. Алғашқы екі бүк ұпаймен алға шыққан Тушишвили былтырғы есесін биыл қайтармаққа барын салды. Алайда 3 минут 35 секундта Айбек оны таза жеңіп, финалға шықты.

Еске сала кетсек, былтыр елордада өткен «Әлем барысында» дәл осы екі қарсылас финалда кездесіп, Айбек «Әлем барысы» атанған болатын.

Айта кетсек, бұған дейін «Әлем барысының» жартылай финалына Айбек Нұғымаров, Ерсұлтан Мұзафаров (Қазақстан), Роман Бобиков (Ресей) пен Гурам Тушишвили (Грузия) шыққанын хабарлаған болатынбыз.

Қазақстан атынан сынға түсіп жатқан бес балуанның екеуі - Руслан Әбдіразақов пен Нұрдәулет Жарылғапов алғашқы айналымда жарыс жолынан шығып қалған болатын.  

Чемпионат Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтіп жатыр.

Соңғы жаңалықтар