«Әлем барысы» атанған Айбек Нұғымаров туралы не білеміз

None
None
  АСТАНА. ҚазАҚпарат - Қазақстанда қазақ күресінен тұңғыш рет төрт дүркін әлем чемпионы атанған жалғыз балуан бар. Міне, бүгін сол балуанымыз тағы бір тарихи жеңісіне қол жеткізіп, қазақ балуандары арасынан тұңғыш «Әлем барысы» атағын жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ол - Шығыс Қазақстан облысының тумасы, қазақтың қайсар балуан ұлы Айбек Нұғымаров. Негізі, Айбекті оқырман қауымға қайта таныстырудың өзі артық болар. Десе де, ел намысын ең биік белестерден көрсетіп жүрген асыл азаматтарымыз туралы қанша жазсақ та көптік етпейтіні белгілі.

Сол үшін бүгін балуанымыз туралы, тағы бір тоқталып, оқырмандарымызға оның спорттағы қол жеткізген табыстарын қайта бір естеріне салуды жөн санадық.

Әуелі Айбектің спорттағы жетістіктері мен өмірбаянына қысқаша тоқталып өтейік.

Айбек Нұғымаров 1987 жылы 3 маусымда Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданына қарасты Құндызды деген шағын ауылда дүниеге келген. Қазақ күресінен әлемді төрт рет бағындырған (2010, 2013, 2014, 2016) жалғыз балуан. Үш дүркін (2008, 2009, 2014) Азия чемпионы.

Оның лақап аты - Шығыс барысы. Бойы - 188 см. Салмағы - 140 кг.  Спорттық атағы - Қазақ күресінен ҚР еңбек сіңірген спорт шебері.  Спорттық жетістіктері - төрт дүркін әлем чемпионы (2010, 2013, 2014, 2016), «Әлем Барысы» халықаралық турнирінің күміс жүлдегері (2014), «Қазақстан Барысы» турнирінің жеңімпазы (2013) және екі дүркін қола жүлдегері (2012, 2017), екі дүркін Әлем Кубогының иегері (2011, 2017), ҚР чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы, «Еуразия Барысы» халықаралық турнирінің жеңімпазы (2015, 2016)

2011, 2012, 2013, 2014, 2015, 2016, 2017 жылдары «Қазақстан Барысы» турниріне қатысты. Бапкері - Серік Қоржыкенов.

Шығыстың шымыр балуанының осындай ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктері жетерлік. Бүгінгі қол жеткізген тарихи жеңісі кездейсоқтық емес екені осыдан-ақ анық көрініп тұр.

Соңғы жаңалықтар