Әлем азық-түлік дағдарысы алдында тұр – зерттеу

Фото:
БАКУ. ҚазАқпарат – Соңғы айларда әлемнің азық-түлік нарығындағы өзгерістер импортқа тәуелді көптеген елдерде қиын жағдай туғызып отыр. Бұған БҰҰ-ның таяудағы есептеріне негізделген Әзербайжанның аграрлық реформаларды қолдау қоғамдық бірлестігінің зерттеулері дәлел, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі.

БҰҰ Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымының (FAO) маусым айындағы есебіне сәйкес, азық-түлік бағасы индексінің үшінші ай қатарынан төмендеуі әлемдік нарықта өсімдік майына, астыққа және қантқа бағаның құлдырауынан болуы мүмкін.

Жарияланған мәліметтер бойынша, астық бағасының индексі маусым айында мамырмен салыстырғанда 4,1% төмендеді, бірақ 2021 жылғы маусымға қарағанда бұрынғысынша 27,6% жоғары.

Мамыр айында бидайдың әлемдік бағасы рекордтық деңгейге жеткеннен кейін, маусымда 48,5% төмендеді, бірақ өткен жылмен салыстырғанда 5,7% жоғары.

Маусым айында бидай бағасының арзандау себептерінің бірі Канадада, Ресейде және басқа да ірі өндіруші елдерде бидай, оның ішінде астық өндірісі артатыны туралы болжамның жасалуы. Сондай-ақ FAO таратқан хабарламада атап өтілгендей, жаһандық импорттаушылардан бидайға сұраныс төмендеген.

Ұйымның мәліметінше, маусым айында өсімдік майының баға индексі өткен айға қарағанда 7,6% төмен болған. Мұның себебі ретінде пальма майы бағасының үшінші ай қатарынан арзандауы айтылып отыр. Сонымен қатар сұраныстың төмендеуінен соңғы айларда күнбағыс пен соя майларының әлемдік бағасы айтарлықтай арзандаған.

Таратылған хабарламада әлемдік нарықта барлық ет түрлеріне бағаның өскені, құс етінің бағасы басқаларға қарағанда қымбаттағаны және рекордтық деңгейге жеткені айтылған. Өйткені Украинадағы жағдайға және Солтүстік жарты шарда құс тұмауының таралуына байланысты әлем нарығында ұсыныс әлі де шектеулі.

Қытай Бразилиядан ет импортына салынған тыйымды алып тастауына байланысты сиыр етіне баға қымбаттады. Ал Жаңа Зеландияда экспорт қорының азаюынан қой етіне баға көтерілді.

Сондай-ақ мәліметте айтылғандай, маусым айында қант бағасының индексі мамыр айымен салыстырғанда орташа есеппен 2,6% арзандағаны және екі ай қатарынан төмендегені айтылған. Маусым айында әлемдік нарықта қантқа сұраныстың төмендеуі, сондай-ақ қант қорына қатысты оң болжамдар бағаның төмендеуіне ықпал етті. Бразилия реалының АҚШ долларына шаққандағы бағамының төмендеуі және этанол бағасының төмендеуі өндірушілерді қант өндірісінің артуына итермеледі, осыған байланысты маусым айында ұсыныс өсіп, баға төмендеді.

Маусым айында сүт өнімдерінің барлық түрлері қымбаттады. FAO атап өткендей, ірімшік бағасы жыл соңына дейін тапшылықтың пайда болу қаупінен туындаған сұраныстан соң өскен.

Бұдан бөлек баяндамада жаз басындағы аптап ыстық Еуропадағы сүт өндірісінің төмендеуін одан әрі азайтқаны жазылған. Импорттаушылардың үлкен сұранысынан сүт ұнтағының әлемдік бағасы бұрынғыша өсті. Еуропада сұраныстың өсуіне байланысты сары май бағасы да қымбаттаған.

Осылайша, әлемдегі азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы жағдай көңіл көншітпейді. Сонымен қатар азық-түліктің әлемдік бағасы тұрақсыз. FAO мәліметі бойынша, шілдеде әлемдік нарықта жоғары калориялы өнімдердің - ет, сүт, май және тағы басқасының бағасы өткен аймен салыстырғанда артқан. Дәнді дақылдар, өсімдік майлары, қант бағасының шамалы арзандағанына қарамастан, өткен жылмен салыстырғанда бұл өнімдердің бағасы әлі де жоғары.


Соңғы жаңалықтар