ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: 266-шы Рим Папасы - ислам мен христиан арасындағы татуластықтың үміті

None
None
АСТАНА. 16 наурыз. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан апта ішінде халықаралық әлемде орын алған айшықты оқиғалардың қатарында 266-шы Рима Папасының сайлануы болды десек артық емес.

Аргентиналық 76 жастағы кардинал-иезуиті Хорхе Марио Бергольо жасының ұлғаюына байланысты тіпті жаңа Рим Папасы лауазымына үміткер үздік бестіктің қатарына да енбеген болатын. Бірақ та 12-14 наурыз аралығында өткен Рим Папасын сайлайтын кардиналдар кеңесі 4-ші кезеңінің дауыс беру нәтижесінде ол 77 кардиналдың зор сеніміне ие болды. Жаңа Папа Франциск I есімін таңдап алды. Айта кетерлігі, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Рим Папасы Францискті Киелі Тақ Понтифигі лауазымына сайлануына байланысты көпұлтты Қазақстан халқының және жеке өз атынан шын жүректен құттықтады. «Қазақстан мен Ватикан арасындағы өзара түсіністік пен сенімге негізделген қарым-қатынастар 20 жылдан астам уақыттан бері дамып келеді. Рим Папасы Иоанн Павел II-нің 2001 жылы Қазақстанға жасаған тарихи сапары - соның айқын дәлелі», - делінген жеделхатта. Сондай-ақ Қазақстан Президенті Рим Папасы Францисктің қызметі екі ел арасындағы ынтымақтастық пен сындарлы үнқатысудың одан әрі дамуына жаңа серпін беретініне сенім білдірді.

Қазіргі уақытта Х.Бергольоның 1936 жылы Буэнос-Айресте италиядан қоныс аударып келген темір жол жұмысшысының отбасында дүниеге келгендігі белгілі. Ол бес баланың кенжесі болған. Жоғары оқу орнын бітіріп, химия технигі дипломын алды. 22 жасында иезуиттер ордені қатарына қосылған ол 1969 жылы діни қызметші болып шыға келді. Ол барша өмірін Аргентинадағы шіркеуге қызмет етуге арнады.

Жаңа понтификтің биографиясы, көзқарасы мен құндылығы соңғы күндердегі жаңалықтардың басты тақырыбына айналды. Батыстық БАҚ-тар оның барша өмірін не үшін шіркеуге қызмет еткендігіне қатысты нұсқалардың бірін жазуда. Олардың таратқан ақпаратына қарағанда, Х.Бергольо мұндай қадамға жауапсыз махаббаттан кейін барған көрінеді. 12 жасар жасөспірім кезінде Буэнос-Айрес қаласы маңында тұратын қызға жүректегі сезімін білдіріп, қолын ұсынған көрінеді. Алайда қыз ата-анасының қарсы болуы себебінен оның ұсынысын қабыл алмапты. Бұл оқиғаны күні кеше жаңа Папаның сол кездегі махаббаты айтып берген. Дегенмен, Бергольоның өз сұхбаттарының бірінде мұндай шешімнің біртіндеп келгендігін айтқанын ескерген жөн.

Х.Бергольоның өз отандастары сияқты футбол мен тангоның жақсы көретіндігі белгілі. Алайда, ол жас кезінде өкпе инфекциясының өршуіне байланысты өкпесінің бір бөлігін алдырып тастаған еді. Сондықтан да оған денесіне ауыр жүк түсіруге болмайды. Жаңа понтификтің басты ерекшелігі ретінде оның қарапайымдылығы айтылуда. Ол Буэнос-Айресте өзіне тиесілі лимузиннен бас тартып, жұмысқа қоғамдық көлікпен қатынап жүрген. Тіпті, шіркеуге мінәжат етуге келгенде де ол көбіне ең соңғы қатарда отырған.

Иезуиттер орденінің өкілі Франциск I - емделмейтін, дауасыз ауру адамның өз еркімен өлімге мойынсұнуына, аборт жасатуға және біржынысты некеге шынайы қарсылық танытушылардың бірі. Әлеуметтік әділдік идеяларына барынша берілген, жаһандану кеселі мен ақша империализміне қарсы. Бірақ оның өмірбаянындағы келеңсіз кезеңдер де жиі айтылып жүр: 1976-1983 жылдар, ол кезде жас діни қызметші Х.Бергольоның мансабы өрлеп, ал Аргентинаны әскери топ басқарған. Бірқатар аргентиналық қоғамшылдары оны «лас соғыс» кезеңінде әскери топпен ымыралас болды, тіпті бірде әріптестері туралы сөз тасып, олар сотталып кетті дегенді де айтуда. Бұл кінә тағуларды Ватикан түбегейлі жоққа шығарып, антиклерикандық науқан деп атауда.

Қалай болғандада Папа сайланды және де әлемдік саясат саласындағы оның бастамалары қандай болатындығы басты мәселе болып отыр. Байқаушылар оның келуімен барлық Рим католик шіркеулерінде жаңарту жүргізіледі деп күтуде. Соңғы жылдары Ватиканның абырой-беделіне айтарлықтай нұқсан келіп, діни қызметшілер арасындағы пара алушылық пен кәмелеттік жасқа толмағандармен жыныстық қатынасқа түсуі туралы ақпараттар тараған болатын. Ендігі уақытта осы келеңсіздіктердің барлығын реттеу жаңа Франциск I-дің мойнына артылады.

Айта кетерлігі, жаңа Папаның келуімен православ шіркеуінің өкілдері өзара байланыстың жақсара түсетіндігіне зор сенім артуда. Ислам ынтымақтастық ұйымы да ислам мен христиан арасындағы тарихи татуластыққа ұмтылу ымырасын күтіп, христиан мен мұсылман қарым-қатынасының сауықтырылуына иек артады.

Жаңа Рим Папасы Франциск I-ді таққа отырғызу рәсімі 19 наурыз күні Ватикандағы әулие Петр алаңында өтеді.

Соңғы жаңалықтар