Алексей Ни: Бұйыртса, ертең 1 алтын, 1 күміс аламыз

None
None
РИО-ДЕ-ЖАНЕЙРО. ҚазАқпарат - Есебі қате кетпейтін Алексей Ни ертең 1 алтын, 1 күміс аламыз деп сендірді, деп хабарлайды Риодағы ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін ауыр атлетикадан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Алексей Ни журналистерге сұхбат беріп, ертең 1 алтын, 1 күміс медаль аламыз деп сендірді.

Мұндайда қазақ: «аузыңа май, астыңа тай» деп, жақсы сөзді жарым ырысқа балайды. Бізде солай болсын деп тілейік.

Себебі, 10 тамыз күні Риода ел намысын қорғайтын спортшылардың қатарында ауыр атлетикадан қазақтың қарагөз қызы 69 келідегі Жазира Жаппарқұл мен 77 келідегі әлем чемпионы Нижат Рахимов жарыс жолына шығады.

Осыған дейін Олимпиада ойындарында бірде-бір қазақ қызы жеңіс тұғырынан көріне алмай келеді. Жазира қарындасымыз бұл олқылықтың орнын толтырып, Риода жеңіс тұғырына көтеріліп, есімін алтын әріптермен тарихқа қалдырады деген үміттеміз.

Жазира тамыздың 10-ы күні 15:30-да (Астана уақыты бойынша 11 тамыз сағат 00:30)  жарыс жолына шығады. Ал Рахимов кешкі сағат 19:00-де (Астана уақыты бойынша 11 тамыз таңғы сағат 04:00) сынға түседі.

Тамыздың 12-і күні сағат 19:00-де (Астана уақыты бойынша 13 тамыз таңғы сағат 04:00)  ерлер арасында 85 келі салмақта Д. Ұланов өз өнерін паш етеді.

Ауыр атлеттеріміздің бәсекесі үш күн үзілістен кейін, яғни тамыздың 15-і күні қайта жалғасады. Бұл күні сағат 19:00-де (Астана уақыты бойынша 16 тамыз таңғы сағат 04:00) +105 келі салмақтағы зілтеміршіміз қызылордалық А. Зайчиков ел намысын қорғайды.

Еске сала кетейік, Олимпиаданың бірінші күні дзюдошы Елдос Сметов күміс, Галбадрах Отгонцэцег қола медаль еншілесе, кеше  ауыр атлет Фархад Харки үшінші медальді ел қоржынына салды. Ал бүгін Карина Горичева Қазақстан қоржынына үшінші қола медальды сыйлады. Сондай-ақ, айта кетейік, жарыстың бірінші күні ауыр атлеттеріміз Маргарита Елисеева бесінші орынға, екінші күні Арли Чонтей төртінші орынға табан тіреген болатын. 

Соңғы жаңалықтар