Алексей Калайчиди қылмыстық іс құжаттарының желіде таралуына қатысты пікір білдірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди қылмыстық іс құжаттарын интернетке таратқан ШҚО полицейлерге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Полиция қызметкері тергеу мәліметтеріне қатысты мұндай кемшілік жіберген кезде сөзсіз жұмыста босатылады. Ең кем дегенде - жұмыстан шығарылады. Сонымен бірге, олардың әрекеттері қылмыстық істі тергеу аясында қаралады. Олардың әрекеттерінде қылмыстық құрам болмаса, тәртіптік жаза шаралары қабылданады. Егер қылмыстық құрамның бары анықталса, онда жұмыстан шығарылады», - деді Алексей Калайчиди ІІМ-де тілшілердің сұрағына берген жауабында.

Оның айтуынша, Шемонаихадағы жағдай бойынша ақпараттың сыртқа шығып кетуіне жас полицейлер кінәлі.

«Өкінішке қарай, бұл жастардың ісі. Мұндай жағдай бұрын Қарағандыда да тіркелген. Жас тәртіп сақшылары телефонды дұрыс пайдаланбауы мүмкін. Олар өйткені жас. (...) Ол істің салдарын есепке алмай, микрофонға бірдеңе деп қалуы ықтимал. Біреуді қорлау пиғылы болмаған. Десе де, заң бұзылып жатқаннан кейін біз тиісті шара қабылдаймыз», - деді Алексей Калайчиди.

Еске сала кетсек, ШҚО Полиция департаментінің бұйрығымен интернетке қызметтік құжатты таратып жіберген Шемонаиха ауданының тәртіп сақшылары қатаң сөгіс алған болатын.

«16 лауазымды тұлға, оның ішінде ІІБ бастығы да қатаң сөгіс алды. «Жасөспірімді зорлау» және «Өзіне қол жұмсау» баптары бойынша басталған қылмыстық істерді қатаң бақылауыма алдым», - дейді ШҚО полиция департаментінің бастығы, генерал-майор Ж. Бақтыбаев.

Айта кетсек, бұған дейін Шығыс Қазақстан облысында 7 жасар қызды зорлаған жігіт асылып өлгені хабарланған еді. Мәйітті Шемонаиха полиция бөлімінің жедел қызметкерлері тапты. Бұған дейін бір әйел өзімен бірге тұратын жігіт 2012 жылы туған қызының дәрменсіз күйін пайдаланып, онымен жыныстық қатынасқа түсіп, содан кейін қашып кеткенін айтып, шағымданған. Азғын ойын іске асырған адам ол кезде мас болған.

Соңғы жаңалықтар