Алексей Цой ШЫҰ мүше-мемлекеттерді КВИ статистикасын жаңаша санау әдісіне көшуге шақырды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің денсаулық сақтау министрлерін КВИ жағдайын жаңаша санау әдісі бойынша Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысын қолдауға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтыру бойынша статистикалық мәліметтерді тіркеудің жаңа әдісін айқындады. ДДСҰ-ның Еуропалық аймақтық бюросымен техникалық жағынан кеңесе отырып, біз КВИ жағдайларын халықаралық классификацияның жаңа кодымен тіркеу туралы шешімге келдік. Осылайша COVID-19 жағдайларының зертханалық тұрғыда расталуы пневмония фактілерімен біріктіріледі. Бұған дейін де, қазір де Қазақстанда жұқтыру көрсеткіші зертханалық тұрғыда расталу жағдайымен есептеліп отыр. Жаңаша санау әдісіне біз 1 тамыздан бастап көшеміз», - деді Алексей Цой ШЫҰ мүше мемлекеттердің денсаулық сақтау министрлерінің отырысында.

Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі жаңа тәсіл Қазақстанның рейтингіне жағымсыз әсер ететінін біліп отырғанын жеткізді.

«Дегенмен, бұл әдіс ауруды еңсеруде дұрыс болжам жасауға, ресурстарды дұрыс бөлуге мүмкіндік береді. Бұл – біздің мемлекеттің ашық саясатын, коронавирусқа біріге қарсы тұруға дайын екенін көрсетеді. ДДСҰ-ның ұсынысын қабылдау – басқа мемлекеттерге де үлгі болар деген сенімдеміз», - деді ол.

Алексей Цой статистикалық мәліметтерді жүргізудің бұл әдісін ДДСҰ Еуропа бюросы қолдап отырғанын жеткізді.

«Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттерді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының осы ұсынысын қолдауға шақырамын. Бұл модельге мемлекеттер неғұрлым көп араласса, факт бойынша нақты мәлімет негізінде саясатты қалыптастыруда ашықтық қамтамасыз етіледі», - деді ол.

Еске сала кетсек, дәл қазір Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің денсаулық сақтау министрлерінің отырысы өтіп жатыр. Жиында Ресей, Үндістан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан денсаулық сақтау министрлері, сондай-ақ Пәкістан премьер-министрінің арнайы көмекшісі, ҚХР Мемлекеттік денсаулық сақтау комитетінің басшысы ШЫҰ мүше-мемлекеттеріндегі қазіргі жағдай туралы баяндама жасауда.

Сондай-ақ ШЫҰ Бас хатшысы, ДДСҰ өкілі, сондай-ақ ШЫҰ байқаушы мемлекеттер делегацияларының басшылары сөз сөйлейді.


Соңғы жаңалықтар