Алексей Цой: Медицина қызметкерлері – бұл еліміздің стратегиялық ресурсы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Медицина қызметкерлері күні қарсаңында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой әріптестерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, оларға қазақстандықтардың денсаулығын қорғауда баға жетпес үлес қосқандары үшін шынайы алғысын жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Құрметті дәрігерлер, медбикелер, фельдшерлер, қымбатты әріптестер! Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтауға рұқсат етіңіздер! Сіздердің әрқайсыларыңыз жүрек қалауымен тағдырларыңызды осынау терең білімді, тек қана еңбексүйгіштікті, жан-тәнімен берілгендікті, ең бастысы мейірімділік, бауырмалдық және ізгілікті талап ететін осынау қайырымды мамандықпен байланыстырдыңыздар. Медицина қызметерлері – бұл еліміздің стратегиялық ресурсы. Бүгінде Қазақстанда шамамен 260 мың медицина маманы, оның ішінде 75 мыңнан астам дәрігер, 185 мың орта медицина қызметкері еңбек етеді. Елімізде күн сайын 2 мыңнан астам ота жасалып, бір мыңнан астам сәби дүниеге келеді. Емханаларда 420 мыңнан астам адамға қызмет көрсетіледі және 18 мыңнан астам жедел жәрдем көмегі шақырылады», - деді министр.

Оның атап өтуінше, осы жылдардың ішінде еліміздің денсаулық сақтау саласы қарқынды дамып, жоғары технологиялық көмек көрсету көлемі артып келеді. Жаңа перинаталды орталықтар салынды, инновациялық әзірлемелер енгізіліп жатыр. Соның арқасында біраз уақыт бүрын мүмкін емес көрінген сирек кездесетін күрделі аурулар сәтті диагностикаланып, емделіп жатыр.

«Соңғы жылдары екі ең маңызды көрсеткіштің жақсарғаны байқалады: өмір сүру ұзақтығы ұлғайды және туу артты. Бұл жетістіктердің тасасында әрине, сіздердің, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын түрлі мамандық иеселері денсаулық сақтау қызметкерлерінің зор еңбегі жатыр», - деді Алексей Цой.


Соңғы жаңалықтар