Алексей Цой көшеде маска тағу халыққа неліктен міндеттеліп отырғанын түсіндірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой көшеде маска тағу халыққа неліктен міндеттеліп отырғанын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі таңда Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтыру жағдайы тәулігіне 1500-1600 адам деңгейінде тұрақталып қалды. Мәселен Нұр-Сұлтанда жедел жәрдемге жүгіну 22 маусымнан 30 шілде аралығында үштен екіге азайды. Сонымен бірге коронавирус инфекциясы бойынша шақыртулар тәулігіне 500-ден 86-ға дейін төмендеді. Сол секілді жедел жәрдемді шақыру жағдайы 3 мыңнан 1 мыңға дейін түсті. Стационарлардың толымдылығы 96 пайыздан 35,7 пайызға дейін азайды», - деді Алексей Цой ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Министр сонымен қатар Шымкент қаласында да жедел жәрдем қызметін шақыру деңгейі 43 пайызға кемігенін айтып өтті.

«Бүкіл Қазақстан бойынша провизорлық стационарлар да жабылуда. Бұрынғы, яғни қалыпты жұмыс тәртібіне оралып жатыр. Олар қазір резервте. Төсек орындары бойынша қосымша қажеттілік туындаған жағдайда олар қосымша жасақталады», - деді ол.

Алексей Цой карантин тағы екі аптаға созылатындықтан бүкіл ел болып, кәсіп иелері болып қалыпты өмірге қайту үшін дайындық жұмыстары жүргізілуі керектігін жеткізді.

«Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус инфекциясының таралу қаупін ескерту үшін халықтың карантин талаптарын сақтауына қатысты бірқатар ұйымдастырушылық және құқықтық шаралар қабылданды. Денсаулық сақтау министрлігі жауапты органдармен бірге азаматтарды карантин шараларын сақтамаған жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тарту тәртібін бекітті. Бұл ретте масканы тағып жүру – КВИ-ді жұқтыру қаупін 30 пайызға азайтады. Осы жайды ескере отырып, 2020 жылдың 30 шілдесінен бастап Денсаулық сақтау министрлігі бұйрық шығарды. Оған сәйкес азаматтар қоғамдық орында, көшеде маска тағып жүруге міндеттеледі», - деді ол.

Сондай-ақ Алексей Цой бүгінгі күні АҚШ-тың 43 штатында, Польшада, Австралияда, Словакия мен Вьетнамда қоғамдық орында маска тағу міндетті екендігін жеткізді.

Еске сала кетсек, Қазақстанның мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетованың қаулысы бойынша халыққа Қазақстанда көшеде міндетті түрде маска тағып жүру міндеттелген болатын.


Соңғы жаңалықтар