Алексей Цой Атырауда аймақтық штабтың отырысын өткізді

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Атырауда эпидемиологиялық ахуалға байланысты аймақтық штабтың отырысын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облысында жұқпалы аурулар ауруханаларында төсек-орындардың қамтылуының біртіндеп өсуі байқалады. Мәселен, 5 тамыздағы жағдай бойынша 1 734 науқас стационарлық ем алуда. Бұл 5 шілдедегі статистиканың 3,5 есеге өскенін көрсетеді. Реанимациялық кереуеттерде 76 науқас жатыр. Мұндағы жүктеме 5 шілдеден бері 2,5 есеге өскен.

Облыста барлығы 16 стационар бар. Оның 7-еуі аудандар, ал, 9 стационар Атырау қаласында орналасқан. Атырау қаласында төсек-орын жүктемесі артқан. Мұнда 6 стационардың 4-еуінде жүктеме 97%-ды құрап отыр. Атырау қаласында инфекциялық төсек-орынның жүктемесі 60%, реанимациялық кереуеттер жүктемесі 67%-ға өскен.

Сондай-ақ, модульді ауруханада реанимациялық кереуеттердің жетіспеушілігі байқалады. Ауруханада 19 реанимациялық кереуеттің 95%-ы науқастарға толған. Ал кардиологиялық орталықтағы 11 кереуеттің 92%-ында науқастар емделіп жатыр.

«Бұл – алаңдаушылық туғызатын жағдай. Өйткені, жүктеменің артуы кереуеттің жетіспеушілігіне, тұрғындарға стационарлық көмек көрсетудің төмендеуіне әкеліп соғуы мүмкін», - деді Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ажар Ғиният.

Осы аптада Денсаулық сақтау министрлігінің жұмыс тобы Атырау қаласындағы 5 емханада, 2 жекеменшік емханада, сондай-ақ, екі аудандық ауруханада мониторинг жүргізді. Талдау нәтижесінде жылжымалы бригадалар санының жеткіліксіздігі, ҚИАЖ-ге қоңыраудың уақытында енгізілмеуі байқалды. Бұл бір жылжымалы бригадаға нақты жүктемені көрсетпейтіні анық.

Ажар Ғинияттың айтуынша, барлық медициналық ұйымда науқастарды амбулаториялық бақылау тиісті деңгейде еместігі анықталған. Бақылау парақтары сапасыз жүргізілген. КВИ жұқтырғандарды емдеуге арналған клиникалық хаттамалар сақталмайды. Дәрігерлер егде жастағы емделушілерге қатысты қырағылық танытпайды. Жылжымалы бригададағы дәрігерлердің міндетін учаскелік қабылдаудағы жұмыспен біріктіру жағдайы кездеседі. Бұл санитарлық-эпидемиологиялық режимнің сақталуына қайшы келеді.

Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынысымен Атырау қаласында науқастардың тіркелуін, мобильді топтардың жұмысын бақылау үшін ситуациялық орталықтар құрылған. Оған науқастарды ауруханаға жатқызу, амбулаторлық емнің уақтылы тағайындалуы, дәрі-дәрмекпен тегін қамтамасыз ету кіреді.

Министр Алексей Цойдың пікірінше, Атырау облысында КВИ аурушаңдығының едәуір өсуі тұрғындардың санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтамауынан болып отыр. Науқастарды ауруханаға жатқызу пайызының жоғарылауына «Дельта» агрессивті штамымен және амбулаторлық-емханалық жұмыстың жеткіліксіз ұйымдастырылуы әсер еткен. Бұл жағдайы ауыр науқастардың көбеюіне ықпал еткен.

Осыған байланысты Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасына шұғыл түрде орындалуы тиіс бірқатар ұсыныстар берілді.

Еске сала кетелік, бұған дейін Алексей Цой Атырау облысындағы ауыл ауруханасында болғанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар