Александр Винокуров Петропавлда жас спортшылармен кездесті

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлға олимпиада чемпионы, велоспорт жұлдызы Александр Винокуров келіп, ізбасарлары – жас спортшылармен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, «Astana Pro Team» кәсіби велокомандасының бас менеджері Александр Винокуров Петропавлда велоспорт бойынша олимпиадалық резервтегі балалар мен жасөспірімдердің облыстық мамандандырылған мектебінің тәрбиеленушілерімен кездесті.

Олимпиада чемпионы туған жерге жиі келуге тырысады. СҚО Бескөл ауылында оның ата-анасы тұрады. Туған-туыстарымен кездесіп қана қоймай, өзі бала кезінде жаттыққан спорт мектебіне бас сұғады, жаттықтырушылармен, жас спортшылармен кездеседі.

Петропавлдағы № 17 орта мектептің жертөлесінде веломектептің базасы орналасқан. Бұл жерде бүгінде 60 бала жаттығып жүр. Жалпы велоспорт бойынша олимпиадалық резервтегі балалар мен жасөспірімдердің облыстық мамандандырылған мектебінде 260 тәрбиеленуші бар.


Александр Винокуровтың айтуынша, Солтүстік Қазақстан облысы велоспорттан болашақ чемпиондарды даярлауда еліміз бойынша алдыңғылардың қатарында.

Бұл – осы спорт түрін дамытуға қолдау білдіріп отырған өңір басшылығының және жергілікті меценаттардың арқасы.

Осындай демеушілердің бірі – велосипед спорты облыстық федерациясының президенті Мұхтар Игібаев. Ол өз қаражатына ірі жарыстар ұйымдастырып, халықаралық, республикалық сайыстарда үздік нәтиже көрсеткен мектеп тәрбиеленушілеріне және олардың жаттықтырушыларына сыйақы беруді дәстүрге айналдырған.

Биыл №17 орта мектептің жертөлесінде орналасқан велобазаны күрделі жөндеуге 7 млн теңге бөлді. Нәтижесінде нысанның іші жылы, жарық және желдету жүйесін жаңартқандықтан спортшыларға жаттығу барысында демалу жеңілдеді.

Винокуров тәрбиеленушілермен тілдесіп, жаттығуларына қатысты. Болашақ чемпиондарға ақыл-кеңесін берді.

Бүгінде «Vino-Astana Motors» командасына 12 солтүстікқазақстандық спортшы мүше, оның үшеуі қатарға биыл қосылды.

Ал «Astana Pro Team» командасы құрамында Қызылжар өңірінің тумасы 20 жастағы Глеб Брусенский өнер көрсетіп жүр.


Соңғы жаңалықтар