Александр Винокуров «Astana Pro Team» велокомандасының 2020 жылғы құрамын таныстырды

None
None
КАЛЬП. ҚазАқпарат – 14 желтоқсан күні Испанияның Кальп қаласында қазақстандық «Astana Pro Team» әлемдік тур командасының ресми таныстырылымы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат команданың сайтына сілтеме жасап.

Жоба демеушілері мен серіктестерінің, сондай-ақ ұлттық және халықаралық масс-медиа өкілдерінің қатысуымен болған шара барысында команданың 28 велошабандозының 27-сі таныстырылды. Артем Захаров осы күндері Австралияның Брисбен қаласында өтіп жатқан Әлем кубогына қатысуда.

«Бүгін 15-інші маусымымызды бастап отырмыз. Үлкен жолды еңсердік және ауқымды көптеген мақсаттарға қол жеткіздік. Бірақ әлі де талай маңызды дүниелердің алда екеніне сенімдімін», - деді «Astana Pro Team»-нің бас менеджері Александр Винокуров.

А.Винокуров Premiere Tech компаниясымен келісім тағы үш жылға ұзартылғанын мәлім етті. Жаңа маусымда «Astana Pro Team»-нің формасы жаңартылып, енді бас серіктес «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ логотипінің жанына Premiere Tech логотипі де орналасатын болады.

Веложейделердің жаңартылған нұсқаларына команданың 15 жылдығына орайластырылған тағы бірнеше элемент қосылды. Атап айтқанда, жағасына 15 саны жазылып, артқы жағында ең үлкен жетістіктер: Олимпиада ойындары, «Джиро д’Италия», «Тур де Франс» және «Вуэльта Испания» жазылған.

Сондай-ақ тұсаукесерде қазақстандық команданың ресми түсіне боялған Wilier 0 SLR жаңа велосипеді таныстырылды. Бұл - алғашқы ультра жеңіл трассалық велосипед.

2020 жылы «Astana Pro Team» қазақстандық командасы атынан 28 велошабандоз өнер көрсетсе, оның 9-ы Қазақстан өкілдері, қалғандары легионерлер:

Алекс Аранбуру (Испания), Жандос Бижігітов (Қазақстан), Мануэле Боаро (Италия), Эрнандо Бооркес (Колумбия), Родриго Контрерас (Колумбия), Лауренс Де Вриз (Бельгия), Фабио Феллине (Италия), Даниил Фоминых (Қазақстан), Омар Фраиле (Испания), Якоб Фульсанг (Дания), Евгений Гидич (Қазақстан), Йонас Грегаард Вилсли (Дания), Дмитрий Груздев (Қазақстан), Уго Уль (Канада), Йон Исагирре (Испания), Горка Исагирре (Испания), Мигель Анхель Лопес (Колумбия), Алексей Луценко (Қазақстан), Давиде Мартинелли (Италия), Мерхави Кудус (Эритрея), Юрий Натаров (Қазақстан), Вадим Пронский (Қазақстан), Оскар Родригес (Испания), Луис Леон Санчес (Испания), Никита Стальнов (Қазақстан), Харольд Техада (Колумбия), Александр Власов (Ресей) және Артем Захаров (Қазақстан).

Соңғы жаңалықтар