Александр Стомма: Бақытымды қазақ ауылынан, қазақ қызынан тапқан жанмын
2021 жылғы 1 мамыр 18:41

Александр Стомма: Бақытымды қазақ ауылынан, қазақ қызынан тапқан жанмын

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Елімізде қазақ тілін ана тіліндей еркін меңгерген өзге ұлттың өкілі көп. Мәселен, Қызылқоға ауданындағы Аққора елді мекенінде тұратын Александр Стомма – белорусь ұлтының өкілі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақ еліне, қазақ отбасына әбден бауыр бастым. Намаз апа мен Нұрым ағамнан ешкімнің ала жібін аттамауды, адалдықты үйрендім. Ұрпақ өрбітіп, немере-жиен сүйдім. Мен – бақытымды қазақ ауылынан, қазақ қызынан тапқан жанмын» дейтін ол екінші дүниежүзілік соғыс жылдарымен тұспа-тұс өткен балалық шағы, одан кейінгі өмірі туралы айтып берді.

Туған өлкесі – Витебск облысындағы сол бір қырғынды еске алғысы келмейді. Өйткені, оның ата-анасы тұрған үйді жаудың үйіндіге айналдырғанын ойлағанда, әлі күнге жүрегі қарс айырылады. Дұшпанның ауыр техникаларымен тапталған үйімен бірге ата-анасын да жоғалтқан. Әр жерде төмпешік болып қалған үйлердің орнын аралап жүріп, аштықтан талмаусырап құлаған Александрды партизандар тауып алып, балалар үйіне жеткізген.

«Соғыстан кейінгі жылдардың да ауыртпалығы ұмытылған жоқ. Ата-анадан да, туыстан да айырылдым. Балалар үйіндегі сүреңсіз күндер қажытып жіберетін. Тәрбиешіміз Қазақстаннан келген адамдарға жолықтырды. Олар бізді механизаторлық мамандық алуға, қазіргі Атырау облысына баруға үгіттеді. Ойланатын несі бар, соларға ілесіп, Қазақстанға тартып кеттім», -дейді Александр Стомма.


Осылайша, кіндік кескен өлкесінен қимастықпен жырақтап, Қызылқоға ауданындағы Сағыз станциясына табан тіреген. Осындағы кәсіптік-техникалық училищенің ұстаздарынан дәріс тыңдап, механизатордың куәлігін алды. Содан соң кезіндегі «Қызыл ту» кеңшарына баруды қалаған.

«Кеңшарға келгеніммен, қайда, кімге барарымды білмедім. Бір Одақтың құрамындағы ел болғанымен, бұрын көрмеген жер. Тіпті салт-дәстүрі мен тілі өзге ұлтқа сіңісе аламын ба? Бірақ, қазақтың аузын ашса, жүрегі көрінетін ақкөңіл, бауырмал ұлт екеніне көз жеткіздім. Менің аңтарылып тұрғанымды көрген болуы керек, ақжаулықты ана жаныма таяп келді. Бастапқыда байқамаппын, құлағыма жағымды даусын естіп, жалт қарадым. Жасының үлкендігіне қарамай, хал-жағдайымды сұрады. Балалар үйінде тәрбиеленгенімді, ауылға келген себебімді айтып едім. Жаулығының ұшымен көзін сүрткен сол апа мені құшағына тартып, бауырына басты. «Ұлым, жүре ғой» деп қолымнан жетелеп, үйіне ертіп келді. Дастарханын жайып, баданадай бауырсағын, дәмі тіл үйірген қою айранын ұсынды. Кеудемнен итермей, үйіне шақырған, ақ дәмін ұсынған ақжаулықты адам – менің екінші анама айналған Намаз апа», - дейді ол.

Ауылдағы адамның бәрі бауырмал ғой. Бәрі Александрды бауырына басты. Әсіресе, Намаз апаның ұлы Нұрым Александрды туған інісіндей, ал, Александр оны туған ағасындай көрген. Екеуі бір анадан туғандай тату болған. Эстония жеріндегі әскери борышын өтеген соң Александар бірден Намаз апасының отбасына оралған.

«Әскерде Намаз апаның даусын сағынып жүрдім. Түсіме көп кіретін. Осы шаңырақта қазақтың мейірбандығын, қонақжайлығын бойыма сіңірдім. Қазақ тілін де жетік меңгердім. Мені өз баласындай көрген Намаз апа таңертең жұмысқа шығарып салып, кешке есік алдынан күтіп алатын. Нұрым екеуміз де кеңшарда механизатор болдық. Сәнжандай қазақ қызын осы шаңыраққа келін етіп түсірдім. Намаз апа үйлену тойымды жасап берді. Бұл 1979 жыл еді», -деп еске алады ол.

Қазір белорусь жігітінің жапырағы қазақ ауылында жайылып, Сәнжан екеуі жеті ұл-қыз тәрбиеледі. Ұлдары ержетіп, қыздары бойжеткен. Бәрі де әр мамандық иесі атанып, өмірден өз орнын тапқан. Стомманың әулеті қазақтан келін алып, қыз беріп, құдандалы болған.

«Қазақ еліне, қазақ отбасына әбден бауыр бастым. Намаз апа мен Нұрым ағамнан ешкімнің ала жібін аттамауды, адалдықты үйрендім. Ұрпақ өрбітіп, немере-жиен сүйдім. Мен – бақытымды қазақ ауылынан, қазақ қызынан тапқан жанмын. Әттең, бүгінгі бақытты сәтімді тәрбиесін берген, қолдауын көрсеткен апам мен ағам көре алмады. Олар арамызда болғанда ғой, қуанышты күндерім көбейе түсер еді» - дейді ол.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын атыраулық Зелимхан Зубариев қазақтың бауырмалдығы мен мейіріміне ештеңе жетпейтінін айтқан еді.


Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT