Александр Осинцев: Ядролық сынақ полигонында әлем тарихында болмаған ауқымды зерттеу жүргізілді

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Ядролық қаруға қатысты қандай да бір сөз қозғалса Қазақстан халқының жан жарасы сыздап, Семей полигонының зардабын еске алатыны бар. Қаншама адам жақынын жоғалтқан, әлі тумаған бала денсаулығынан айырылған бұл ядролық сынақтардың қасіреті ешқашан ұмытылмақ емес. Бүгін Семей ядролық полигонының жабылғанына 30 жыл толды. Осыған орай, ҚазАқпарат тілшісі Шығыс Қазақстан облысы Курчатов қаласындағы ҚР Ұлттық ядролық орталығы қауіпсіздікті бақылау және таратпау басқармасының бастығы Александр Осинцевпен сұхбат құрған болатын.

- 30 жылдың ішінде Семей полигонындағы ядролық сынақтар жүргізілген аумақты залалсыздау, салдарын жою мақсатында қандай жұмыстар атқарылды?

- 1995-1996 жылдары орталық Семейдегі ядролық сынақтар инфрақұрылымын залалсыздау жұмыстарына білек сыбана кірісті. Бұл жұмыстарға америкалық серіктестер де тартылған. Бірінші кезең Балапан сынақ алаңындағы пайдаланылмаған 13 ұңғыма мен 12 шахталық іске қосу қондырғысын жабу болды. Сондай-ақ жер асты ядролық сынақтар жасалған Дегелең тау жотасындағы барлық 181 ұңғыма жабылды. 2000 жылы осы бағыттағы шаралар толықтай мәресіне жеткен.

Екінші кезеңде алдымызға қауіпсіздікті арттыру мақсатын қойдық. Жұмыстар бірқатар алаңдарда жүргізілді. Ядролық қалдықтар бар объектілер аумағына рұқсатсыз кіруге жол бермес үшін темірбетонды кедергілер тұрғызылды. Мәселен, Дегелеңде осы жұмыстар Қазақстан, АҚШ және Ресей арасында үшжақты әріптестік негізінде іске асты. Жалпы ядролық қалдықтар табылған объектілердің барлығында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар атқарылған.

Үшінші кезең – Дегелең сынақ алаңындағы нысандардың қауіпсіздігін күшейту болды. Аталмыш жердегі бірнеше объекті аумағына қосымша темірбетонды кедергілер қойылды.

Ал келесі кезең 2013 жылы басталған. Талай ядролық сынақ жасалған Тәжірибелік алаңда ауқымды зерттеу жүргізілді. Полигонды осындай кең көлемді зерттеу әлем тарихында болмаған. Бірнеше жылға созылған зерттеуде әрбір шаршы метр бүге-шүгесіне дейін зерделенді. Соның нәтижесінде, қауіпсіз күйге көшіруді талап ететін объектілер анықталды. Табылған ядролық қалдықтар арнайы әдіспен алынып, қайта өңделіп, «Байкал-1» кешенінің зерттеу реакторларына орналастырылды. Бұл кешен үнемі күзетіледі.

Қалдықтарды сақтауға МАГАТЭ кепілдігі берілген.

- Сонда Тәжірибелік алаңда ядролық қалдықтар қалмады ма?

- Кейбір ядролық қалдықтарды алу қызметкерлердің денсаулығына қауіп төндірді. Сондықтан қауіпсіздік жүйесі реттеліп, сол аумаққа рұқсатсыз кіруге жол бермейтін кедергілер орнатылды.

- Қауіпсіздік жүйесі деп қалдыңыз. Сол жүйе жайлы толығырақ айтып берсеңіз.

- Бұл жүйе үш деңгейлі. Біріншісі – ақпараттық. Ол халықты бұл объектілерге кіру қауіпті екендігінен, үздіксіз күзетілетіндігінен хабардар етеді. Екінші деңгей – физикалық кедергілер. Соның арқасында аумаққа адам да, аң-құс та кіре алмайды. Осынау кедергілерді қарумен не басқа затпен бұзу мүмкін емес. Үшіншісі – техникалық. Яғни, барлық объектілерде детекторлар, бейнебақылау жабдықтары жұмыс істеп тұр. Деректер мен жазбалар аптасына 7 күн, тәулігіне 24 сағат күзетшілерге түсіп отырады. Нысандардың қауіпсіздігін ҚР Ұлттық ұлан сарбаздары бақылауға алған.

- Залалсыздау жұмыстары қай жылы аяқталды?

- 2019 жылы осы бағыттағы жұмыстар толықтай өз мәресіне жетті. Дегелең, Тәжірибелік алаң, Ақтамберлі аумақтарында анықталған барлық ядролық қалдықтар бар объектілер қауіпсіз күйге көшірілді.

- Бірнеше жылға созылған осы жұмыстарға қанша маман тартылған?

- Жалпы саны 1000-ға тарта маман жұмылдырылды. Ал ядролық сынақ алаңдарына зерттеу жүргізуге 400-500-ге жуық адам қатысты.

- Алдағы жоспарларыңыз қандай?

- Бұрынғы полигон аумағында осы уақытқа дейін бір жүйеге қойылған жұмысты ары қарай жалғастырамыз. Бұл әсіресе техникалық жүйелерге қатысты. Өйткені, ол үнемі бақылауды қажет етеді. Әлі де қауіп төндіруі мүмкін объектілерді анықтау үшін зерттеу жұмыстары да жүргізіле береді.

- Әңгімеңізге көп рахмет!


Соңғы жаңалықтар