Александр Недовесов Швециядағы турнирдің ширек финалына өтті

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 53-ракеткасы Александр Недовесов Бастад (Швеция) ATP 250 турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші эквадорлық Гонсало Эскобармен бірге бастапқы кездесуін корт иелері Лео Борг – Симон Фройндпен өткізді.

Бірінші партияда қазақстандық-эквадорлық дуэттің басымдылығы анық байқалды – 6:1.

Тартыстылау өрбіген екінші сетте есеп 5:3 болған мезетте жаңбырға байланысты матч тоқтатылып, кейін қайта жалғасты. Недовесов пен Эскобар 6:4 есебімен жеңіске жетті. Олар бір сағаттан астам уақытқа созылған бәсеке барысында 7 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды.

А.Недовесов – Г.Эскобар жүлде қоры 630,7 мың еуроға бағаланған жарыстың жартылай финалына шығу үшін доданың 2-ракеткалары, бельгиялықтар Йоран Флиген – Сандер Жилле немесе сербиялықтар Никола Качич – Душан Лайович жұптарының қай жеңгенімен таласады.

Бастадта жекелей сында қазақстандық, әлемнің 134-ракеткасы Тимофей Скатов іріктеу сайыстарынан өте алмады. Ол әуелі отандасы Денис Евсеевті 6:1, 6:3 есебімен жолдан тайдырды. Бірақ содан соң боливиялық Уго Дельенге есе жіберді – 5:7, 6:3, 3:6.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның әлемдік рейтингте жоғары көтерілгенін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ қазақстандық теннисшілер әлемдік рейтингтегі көрсеткіштерін жақсартты.

Астанада Президент кубогі үшін теннистен халықаралық турнир өтеді.


Соңғы жаңалықтар