Александр Кузнецовқа іздеу жарияланды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бостандық аудандық сотында «Чукотка» барындағы төбелесте адам өлтіргені үшін сотталған Александр Кузнецовқа іздеу жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мұның алдында Бостандық аудандық № 2 сотына Бостандық аудандық ІІБ-нен Александр Кузнецовқа іздеу жариялау туралы өтініш түскен болатын.

Полицияның өтінішін мемлекеттік айыптаушы Ерлан Құланбаев қолдады. Қос тараптың пікірін естіген соң судья кеңесу бөлмесіне шығып кетті.

«Бостандық ауданы ІІБ басшысының А.Кузнецовқа іздеу жариялау туралы өтініші қанағаттандырылсын. А.Кузнецовқа іздеу жариялансын», - деді судья Теміржан Құдабаев.

Естеріңізге сала кетейік, 2015 жылы «Чукотка» барының алдындағы төбелес кезінде Сырым Мұратқалиев көз жұмған болатын. Сол жылдың маусымында бірінші инстанция соты айыпталушы Кузнецовты абайсызда адам өлтіріп алғаны үшін 1,5 жылға бас бостандығынан айырды.

Кейінірек, Алматы қалалық сотының апелляциялық коллегиясы «Адам денсаулығына қасақана нұқсан келтіру арқылы адам өліміне әкеп соқтыру» бабымен 8 жылға бас бостандығынан айырды.

А.Кузнецов жазасын Алматы түбіндегі Заречный ауылындағы түрмеде өтеп жатқан еді.

2018 жылдың 2 шілдесінде Александр Кузнецов түрмеден босап шықты. Сот оның өтелмеген 5 жылын айыппұлмен жабу туралы шешім қабылдады.

Кейін Алматы облыстық сотының апелляциялық коллегиясы адам өлтіргені үшін істі болған Кузнецовты колонияға қайтару жөнінде шешім шығарды.

Сот үкімі шығатын күні Александр Кузнецовтың Қазақстан аумағынан кетіп қалғаны белгілі болды.

Соңғы жаңалықтар