Александр Колядиннің батылдығына қайран қаламын - бапкер

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Пхенчхандағы Паралимпиадада алтын медальды жеңіп алған Александр Колядиннің шаңғымен айналысқанына 7 жыл болды. Спортшының жеңісті жолы туралы ҚазАқпарат тілшісіне бапкері Анатолий Поисковой айтып берді.

Негізі Александр Колядин спорт мансабын күрестен бастаған. Алайда, 1997 жылы ол көлік апатына түсіп оң аяғынан айырылды.

«Колядин шаңғыға 2011 жылы келді. Бір жылдан соң ол өзінің алғашқы ірі жарысы - Қазақстан чемпионатына барды. Сол кезден-ақ білікті мамандардың көзіне түскен шәкіртім Сочи олимпиадасына дайындалды. Расын айту керек, бастапқыда қажетті спорт жабдықтары болмады. Сол себепті оқу-жаттығу жиындарына барып жүрдік», - деп еске алады Анатолий Поисковой.

Шаңғы бапкерінің сөзінше, Александр Колядин екі-үш жылдың ішінде ел құрамасына алынды.

«2016 жылы Паралимпиадалық комитеттің тапсырысымен Колядинге неміс фирмасынан жасанды аяқ сатып алынды. Ол содан бастап елінің, туыстарының, бапкерлерінің сенімін ақтап келеді. Мен оның батылдығына қайран қаламын. Ешқашан мойымады. Пхенчхандағы жеңіске сол қасиетінің арқасында жетті», - дейді бапкері. 

Айта кету керек, Александр Паралимпиадаға аттанар алдында туыстарына алтын жүлде әкелуге уәде берген.

«Бұл жеңісті барлығы күтті. Тіпті, Бурабайдағы жаттығуына барып көрдім. Физикалық-моральдық тұрғыдағы дайындығына шүбә келтірмедім. Оның жеңгенін естіген кезде еңбегімнің ақталғынына қуандым», - деді А.Поисковой.

Бүгінде чемпионды Сарыкөл ауданында тұратын анасы мен інісі асыға күтуде. Сөз жоқ, төртжылдық бәсекесіндегі мұндай көрсеткіш - бір ғана отбасының емес, күллі қазақ елінің жеңісі.

Соңғы жаңалықтар