Александр Бублик Ролан Гаррос турнирінің екінші айналымына шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық Александр Бублик жұптық сында Ролан Гаррос турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші аустралиялық Танаси Коккинакиспен бірге бастапқы кездесуін америкалық Натаниэль Ламмонс - поляк Камиль Майхшакпен өткізді.

Қазақстандық-аустралиялық жұп бірінші партияда брейк жасап, сол басымдылықты сақтады - 7:5.

Екінші сетте де тағы бір брейкпен матчты аяқтайтындай мүмкіндіктері болды. Дегенмен қарсыластары таразы басын теңестірді. Тай-брейкте Бублик пен Коккинакис жеңісті жұлып алды - 7:6 (7:5).

Сағат жарым уақытқа созылған матчта Бублик пен Коккинакис 11 эйс жасады.

Енді олар екінші айналымда италиялықтар Симоне Болелли - Фабио Фоньини немесе мажарстандық Мартон Фучович - америкалық Фрэнсис Тиафо жұптарының қай жеңгенімен кездеседі.

Тағы бір қазақстандық Александр Недовесов жұптық сында пәкстандық Айсам Курешимен бірге тартысты өткен бәсекеде америкалықтар Маккензи Макдональд - Томми Полға есе жіберді - 6:3, 2:6, 3:6.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшілердің Ролан Гаррос турнирінде бастапқы кездесулерін сәтті өткізгенін, 13 жасар Заңғар Нұрланұлының Еуропа рейтингісінде бес ай бойы көш бастап келе жатқанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар