Александр Бублик Ролан Гаррос турнирінде жеңіліп қалды

None
Фото: ktf.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 51-ракеткасы Александр Бублик Ролан Гаррос турнирінің екінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін іріктеу сайысы жеңімпаздарының бірі, дүниежүзілік рейтингте 129-орында тұрған италиялық, 21 жастағы Джулио Дзеппьеримен өткізді.

Матчты сәтсіз бастаған А.Бублик бірінші партияда бірде-бір геймге қол жеткізе алған жоқ – 0:6.

Есесіне екінші сетте 5:3 есебімен алға кетіп, сосын сетке доп бергенде, өз мүмкіндігін жіберген жоқ - 6:4.

Үшінші партияда брейк жасаған А.Бублик өз пайдасына аяқтай білді – 6:4.

Төртінші сетте есеп 4:3 болған мезетте италиялық теннисші брейк жасап кетті – 6:3

Бесінші, шешуші партияда есеп 5:5 болғанда, Джулио Дзеппьери тағы да брейкке қол жеткізді. Содан кейін матчты жеңіспен түйіндеді – 7:5.

Үш сағат 17 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында А.Бублик 17 эйс жасап, 10 брейк-пойнттың үшеуін ғана пайдаланды.

Қарсыласы 8 эйс, 6 брейкпен (14 брейк-пойнт) көзге түсті.

Италиялық теннисші екінші айналымда әлемнің 4-ракеткасы, норвегиялық Каспер Руудпен шеберлік байқасады. Ол алғашқы айналымда рейтингте 155-сатыдағы швециялық Элиас Имерді 6:4, 6:3, 6:2 есебімен тізе бүктірді.

Жуырда Рим мастерс жарысының үшінші айналымында А.Бублик норвегиялық спортшыға 1:6, 6:4, 6:7 (0:7) есебімен есе жіберген еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Ролан Гаррос турнирінің екінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Ролан Гарростың алғашқы айналымында жеңіске жеткен Юлия Путинцевадан сұхбат алған едік.


Соңғы жаңалықтар