Александр Бублик Рим мастерс турнирінің үшінші айналымына шықты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 49-ракеткасы Александр Бублик Рим мастерс турнирінің үшінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің 35-ракеткасы, 20 жастағы америкалық Бен Шелтонмен шеберлік байқасты.

Бірінші партияда брейк жасап, Бублик 4:2 есебімен алға шықты. Сосын сол басымдылығын сақтап қалды - 6:4.

Екінші сетте америкалық теннисші қос брейк жасады - 6:1.

Үшінші, шешуші партияда есеп 3:2 болған мезетте Бублик брейк жасай білді. Матчты тағы бір брейкпен түйіндеді - 6:2.

Екі сағатқа жуық уақытқа созылған матчта А.Бублик 5 эйспен бірге 10 брейк-пойнттың үшеуін пайдалана алды. Қарсыласы 11 эйс, 2 брейкпен көзге түсті.

Александр Бублик төртінші айналымға шығу үшін әлемнің 4-ракеткасы, норвегиялық Каспер Рууд немесе рейтингте 89-сатыдағы франциялық Артур Риндеркнехтің біреуімен таласады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Рим мастерс турнирін сәтті бастағанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Қазақстан жасөспірімдері теннистен әлем чемпионатының іріктеу турнирінде 3-орынға таласады.


Соңғы жаңалықтар