Александр Бублик Монпелье турнирінде жеңіліп қалды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 50-ракеткасы Александр Бублик Монпелье (Франция) ATP 250 турнирінің екінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осы жарыстың 6-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингте 75-орында тұрған франциялық Грегуар Баррермен шеберлік байқасты.

Бұған дейін сегіз ойында қатарынан жеңіліс тапқан А.Бублик аталмыш доданың өткен жылғы чемпионы ретінде де өз ұпайларын қорғауы тиіс-ті.

Бірінші партияны корт иесі брейкпен бітірді – 6:4.

Екінші сетте аса тартысты тай-брейкте А.Бублик Г.Баррердің матчты аяқтауына мүмкіндік бермеді – 7:6 (14:12).

Үшінші, шешуші сетте есеп 3:2 болған мезетте қазақстандық теннисші брейк жасай алды – 4:2. Алайда ізінше қателікке бой алдырып, өз геймін беріп қойды. Ақыры тай-брейкте қарсыласы жеңіске жетті – 7:6 (7:3).

Екі сағат жарымға жуық уақытқа созылған тартысты бәсеке барысында А.Бублик 19 эйс жасап, 3 брейк-пойнттың біреуін пайдаланды. Г.Баррер 5 эйс, 2 брейкпен көзге түсті.

Франциялық теннисші ширек финалға шығу үшін әлемнің 87-ракеткасы, грузиялық Николоз Басилашвилимен таласады.

Осылайша, А.Бубликтің сәтсіз ойыны жалғасуда.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Әбу-Дабиде АҚШ чемпионын ұтқанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар