Александр Бублик Марсель турнирін жеңіспен бастады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 50-ракеткасы Александр Бублик Марсель (Франция) ATP 250 турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда әлемнің 67-ракеткасы, сербиялық Филип Краиновичпен кездесті.

Осыған дейін А.Бублик өткен жылдың қазан айынан бері түрлі жарыста он рет қатарынан жеңіліс тапқан еді.

Бұл жолы бірінші партияда сербиялық теннисші сәттірек ойнады – 7:5.

Есесіне екіншісінде брейк жасаған А.Бублик қарымта қайырды – 6:3.

Қазақстандық спортшы үшінші, шешуші сетті қос брейкпен бастады – 3:0. Бұдан кейін сербиялық спортшы брейк жасап, есепті қысқартты. Дегенмен қазақстандық теннисші матчты эйспен түйіндеді – 6:4.

Екі сағат 7 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында Александр Бублик 18 эйс жасап, 5 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Қарсыласы 4 эйс, 3 брейкпен (9 брейк-пойнт) көзге түсті.

А.Бублик ширек финалға шығу үшін әлемнің 48-ракеткасы, швейцариялық Марк-Андреа Хуслер немесе рейтингте 58-орындағы франциялық Грегуар Баррердің біреуімен таласады. Қазақстандық теннисші Монпелье жарысында дәл осы Г.Баррерден жеңіліп қалған болатын.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның жұптық сында Дубай турнирін сәтті бастағанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ қазақстандық теннисшілердің әлемдік рейтингтегі орындары белгілі болды.

Қазақстандық жас теннисші Пәкстандағы турнирде чемпион атанды.

Юлия Путинцева Дубай турнирінің екінші айналымына шықты.


Соңғы жаңалықтар