Александр Бублик қазақстандық теннисшілердің жеңісті жолын жалғастырды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 55-ракеткасы Александр Бублик Доха (Катар) ATP турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық спортшы бірінші кездесуін осы жарыстың 7-ракеткасы болып тіркелген, рейтингте 43-орында тұрған франциялық Адриан Маннариномен өткізді.

А.Бублик бірінші сетте 6:3 есебімен жеңіске жетті.

Екінші партияда қазақстандық спортшы 2:0 есебімен алға шықты. Дегенмен Маннарино қайыра брейк жасап, есепті теңестіре алды. Бірақ А.Бублик тағы бір брейкке қол жеткізіп, матчты жеңіспен аяқтады – 6:4.

Бәсеке 1 сағат 10 минутқа созылды.

Осылайша Александр қазақстандық теннисшілердің жаңа жылдағы жеңісті жолын жалғастырды.

А.Бублик жүлде қоры 1,5 млн АҚШ долларына жуықтайтын жарыстың екінші айналымында әлемнің 58-ракеткасы, словениялық Альяж Бедене немесе рейтингте 76-орындағы швециялық Микаэль Имердің біреуімен кездеседі.

Тағы бір қазақстандық, әлемнің 66-ракеткасы Михаил Кукушкин Дохада ертең рейтингте 229-орындағы Тунис елінің өкілі Малик Жазиримен шеберлік байқасады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың Гонконгта жеңімпаз атанып, Юлия Путинцеваның Брисбенде негізгі турнирге жолдама алғанын, ал Елена Рыбакинаның Қытайдағы турнирдің екінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар