Александр Бублик Индиан Уэллс мастерс турнирінде жеңіліп қалды

None
Фото: sports.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 46-ракеткасы Александр Бублик Индиан Уэллс мастерс турнирінің екінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингте 175-орында тұрған, жарысқа іріктеу сайыстарынан кейін қосылған тайбэйлік Ву Тун Линмен кездесті.

Бірінші партияда есеп 3:3 болған мезетте тайбэйлік спортшы брейк жасап, сол басымдылығын сақтап қалды – 6:4.

Ол екінші сетте де брейкпен алға шықты – 3:1. Ақыры матчты жеңіспен түйіндеді – 6:4.

Сағат жарымға жуық уақытқа созылған матчта А.Бублик 6 эйспен ғана көзге түсті.

Ву Тун-Лин екінші айналымда ұлыбританиялық Кэмерон Норримен шеберлік байқасады.

Жалпы жүлде қоры 8,8 млн АҚШ долларына бағаланған Индиан Уэллс додасы 19 наурызда мәресіне жетеді.

Өткен жылы А.Бублик үшінші айналымға дейін жеткен еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Гөзал Айнитдинованың Астанадағы турнирдің екінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.

Г.Айнитдинова екінші айналымда әлемнің 136-ыншы, жарыстың 1-ракеткасы, жапониялық Моюка Учижимаға жол берді – 3:6, 1:6.


Соңғы жаңалықтар