Александр Бублик Франциядағы турнирді жеңіспен бастады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 44-ракеткасы Александр Бублик Метц (Франция) ATP 250 турнирін жеңіспен бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін дүниежүзілік рейтингте 208-орында тұрған, негізгі жарысқа іріктеу сайыстарынан кейін қосылған франциялық Эван Фернеспен өткізді.

Бірінші партияда франциялық спортшы 7:5 есебімен басым түсті.

Екіншісінде А.Бублик есе қайырды - 6:4.

Үшінші, шешуші сетте қазақстандық теннисші тай-брейкте жеңісті жұлып алды - 7:6 (7:5).

Екі сағат жарымнан астам уақытқа созылған матчта А.Бублик 14 эйс жасап, 10 брейк-пойнттың тең жартысын пайдалана білді.

Александр Бублик екінші айналымда әлемнің 51-ракеткасы, финляндиялық Эмил Руусувуоримен шеберлік байқасады.

А.Бублик жұптық сында да сәтті өнер көрсетуде. Ол италиялық Лоренцо Музеттимен бірге нидерландылық Робин Хасе - аустриялық Филипп Освальдты 7:6 (8:6), 6:3 есебімен ұтып, ширек финалға шықты.

Қазақстандық-италиялық жартылай финалға шығу доданың 3-ракеткалары, франциялықтар Николя Маю - Эдуар Роже-Вассленмен таласады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Токио турнирінде жеңіліп қалғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ «Astana Open» турнирінде «Үлкен дулыға» жарысының бес чемпионы өнер көрсетеді.






Фото: ktf.kz

Соңғы жаңалықтар