Александр Бублик Францияда Марсель турнирінің жартылай финалына шықты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 50-ракеткасы Александр Бублик Марсель (Франция) ATP 250 турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші ширек финалда әлемнің 25-інші, осы жарыстың 4-ракеткасы, болгариялық Григор Димитровпен шеберлік байқасты.

Бірінші сетте А.Бублик сәтті ойнай білді – 7:5. Есесіне екіншісінде болгариялық спортшы брейкпен алға кетті – 3:1. Сол басымдылығын сақтап қала алды – 6:3.

Үшінші, шешуші партияда матч тағдыры тай-брейкте шешілді. Онда сәттілік А.Бубликтің жағында болды – 7:6 (8:6).

Екі сағат 20 минутқа созылған бәсеке барысында А.Бублик 16 эйс жасап, 3 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. Қарсыласы 14 эйс, 2 брейкпен көзге түсті.

А.Бублик финалға шығу үшін әлемнің 11-інші, турнирдің 1-ракеткасы, Польша өкілі Хуберт Гуркачпен таласады. Ол ширек финалда тағы бір тартысты матчта дүниежүзілік рейтингте 69-орында тұрған швециялық Микаэль Имерді тізе бүктірді – 6:3, 3:6, 7:6 (8:6).

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Марсель турнирінің ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ теннистен Қазақстан қысқы чемпионатының финалистері анықталды.

Соңғы жаңалықтар