Александр Бублик әлемдік рейтингіде ТОП-50 жақындады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Кәсіби теннисшілер қауымдастығы (ATP) жария еткен әлемдік рейтингіде қазақстандық Александр Бублик үздік елулікке жақындады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстанның бірінші ракеткасы 56-дан 53-сатыға көтерілді.

Сондай-ақ еліміздің екінші ракеткасы Тимофей Скатов 144-тен 141-ге жоғарылады.

Әлемдік рейтингіде бұрынғыша сербиялық Новак Джокович көш бастаса, испаниялық Карлос Алькарас екінші, грекиялық Стефанос Циципас үшінші орында.

Жұптық сында Нидерланд өкілі Уэсли Колхоф, ұлыбританиялық Нил Скупски және америкалық Раджив Рам үздік үштікте келеді.

Қазақстандықтардан Андрей Голубев 68-ден 69-ға сырғыса, Александр Недовесов (70) оның ізін өкшелеп келеді. А.Бублик 158-орнында қалды.

А.Бублик жекелей сындағы көрсеткішін жақсарту үшін Монте-Карло мастерс турнирінде табысты өнер көрсетуі керек. Ол бүгін алғашқы айналымда әлемнің 16-ракеткасы, германиялық Александр Зверевпен кездеседі. А.Бублик өткен жылы Монпелье (Франция) жарысының финалында осы А.Зверевті ұтып, чемпиондық атақты жеңіп алған еді.

2020 жылғы олимпиада чемпионы, әлемнің экс-екінші ракеткасы А.Зверев алдағы ойынға қатысты өз пікірін білдірді.

«Мен дайын болуға тиіспін. Оған қарсы ойнаған кезде барлық мүмкіндігіңді пайдалану қажет. Сондай-ақ жүгіруге дайын болу керек. Не болатынын білмейсің. Сондықтан мен кортқа қайта оралып, осында бірнеше жақсы матч өткіземін деп үміттенемін», - деді А.Зверев.

Өткен жылы бұл додада А.Бублик екінші айналымға дейін жеткен еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан теннис құрамасының Польшамен өтетін матчқа дайындықты бастағанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар