Александр Бублик әлемдегі үздік 50 теннисшінің қатарына кірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Александр Бублик әлемдегі үздік 50 теннисшінің қатарына кірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өткен аптада Гамбург турнирінің ширек финалына дейін жеткен А.Бублик кәсіби теннисшілер қауымдастығының (ATP) жаңартылған рейтингісінде 56-дан 49-орынға көтерілді.

Осылайша ол үздік елу теннисшінің қатарына қайта оралды. А.Бублик биылғы ақпанда 47-орынға көтерілген болатын.

Михаил Кукушкин 87-ден 88-ге, Дмитрий Попко 170-тен 171-ге сырғыды.

Үздік үштікте бұрынғыша сербиялық Новак Джокович, испаниялық Рафаэль Надаль, аустриялық Доминик Тим келеді.

Әйелдер арасында (WTA) да бұрынғыша аустралиялық Эшли Барти көш бастаса, румыниялық Симона Халеп пен жапониялық Наоми Осака екінші, үшінші орында тұр.

Қазақстандықтардан Елена Рыбакина 18-інші, Юлия Путинцева 27-орнында қалса, Зарина Дияс 76-дан 77-ге төмендеді.

Бүгін Парижде өтіп жатқан Ролан Гаррос турнирінде А.Бублик франциялық Гаэль Монфиспен, М.Кукушкин италиялық Фабио Фоньинимен кортқа шығады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ю.Путинцеваның Ролан Гаррос турнирін жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.




Соңғы жаңалықтар